homepage
Кадр из видеосюжета qazaqstan.tv

Белгілі жазушы Әкім Тарази өмірден озды

22.04.2025, 12:51

Қазақ әдебиетіндегі белгілі жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Тарази 92 жасына қараған шағында өмірден озды. Бұл жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Асан хабарлады.

«Қазақ әдебиетінің тағы бір алып бәйтерегі құлады...  Классик қаламгер Әкім Тарази ағамыз бақиға бет бұрыпты...  Барша қаламгерге, көзіқарақты оқырман қауымға, ең әуелі жан жары Роза апамызға көңіл айтамын», - деді ол фейсбуктегі парақшасында.

Қаралы хабарға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.

«Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», – деп жазылған жеделхатта.

Әкім Ұртайұлы Әшімов 1933 жылы Алматыда дүниеге келді. Қазақ әдебиетіндегі еңбегі сіңген жазушы, драматург, сценарист. 1999 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2007 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Оның ең танымал туындылары ретінде «Тасжарған» романы, «Қорқау жұлдыз» романы, «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» романдарын атауға болады. Ф. Рабленың «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын алғаш қазақ тіліне аударды

Қазақ театрларының сахнасындағы  драматургиялық шығармалары: «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» т.б. Жазушының бірқатар дүниелері орыс, қытай, поляк, болгар, ағылшын тілдеріне аударылды

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.