homepage
Фотоколлаж Juzmedia

Жазушының соңғы манифесі: Мағауин Трамп жеңісінен қандай қауіп көрді?

16.04.2025, 11:59

2024 жылдың 6 желтоқсанында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауин Америкадағы президент сайлауына байланысты қысқа, бірақ салмағы зілдей жазба жариялаған-ды. Қаламгердің көзі тірісінде жазылған қысқа ғана жазбасы – классикалық публицистиканың қазіргі замандық саяси манифесті деуге болады.

«Америка – ақылынан айырылды» – бұл жолы ашық айту қажет. 2024 жылғы АҚШ президент сайлауында демократияны ұстын етіп келген келген мемлекет авторитарлық көлеңкені құшақтауға бекінді. Дональд Трамптың екінші мәрте билікке келуі – жай ғана ішкі саяси дүмпу емес. Бұл – әлемнің геосаяси теңгеріміне жасалған тұтас шабуыл. Қазақтың көрнекті қаламгері Мұхтар Мағауин осыны аңдап отыр.

АМЕРИКАДАҒЫ "ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ" ТҮҢІЛУ

Мағауин: "Әлемдегі ең әлеуетті мемлекет өзінің 248 жылдық ұлан-ғайыр тәуелсіздік заманында алғаш рет демократиялық даму жолынан бас тартып, авторитарлық, тоталитарлық жаңа құрылымды мақұл көрді" деп кесіп айтты. Бұл сөздің астары тым ауыр. Трамптың қайта келуі – ел ішіндегі ашынған, алаңдаған тобыр психологиясының жеңісі. Жүйелі реформа мен стратегиялық бағдардан гөрі кек алуға құрылған, "мен және менің елесім" деген күйзелісті популизм билігі.

Мағауин бұл жөнінде: "Бүгін не ойлағанын, ертең не жасайтынын, бүрсігүні мүлде басқа бір бағдар ұстанатынын болжап білу мүмкін емес" дей келе, Трамптың бейсауат мінезін де, оның қауіпті салдарын да нақты сипаттап берді. Жазушының болжауынша, алдағы екі жарым айдан соң іске кірісетін жаңа әкімшілік Украинаға көмек шектеуі мүмкін, НАТО-ны әлсіретіп, Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі ықпалын бұрынғыдан бетер күшейтіп жібереді. Мұндай сценарий қазақ қоғамы үшін жай дискуссия тақырыбы емес. Бұл – тіршілік пен тәуелсіздіктің мәселесі.

Ал Дональд Трамп халықаралық аренадағы ойыншыларға бағытталған өткір, кейде тіпті дөрекі мәлімдемелерімен танымал. Жуырда ол кезекті бір сұхбатында: «Мен сіздерге шын айтамын, бұл елдердің басшылары бізге қоңырау шалып, менің артымды сүюге дайын» деген. Бұл сөз, бір жағынан, оның сауда келісімдеріндегі қатаң позициясын көрсету ниетінен туындағанымен, екінші жағынан, дипломатиялық әдептен мүлде алшақ жатқаны анық. Мұндай риторика тек ішкі электоратты қоздыру емес, сонымен қатар Америка мен өзге елдер арасындағы сенімге сызат түсіретін фактор.

УКРАИНА – ФРОНТ СЫЗЫҒЫ ҒАНА ЕМЕС, ШЕКАРАЛЫҚ СЫНАҚ

Украина жеңілсе – Қазақстан үшін де қауіп еселенеді. Бұл Мағауин айтқандай, бос қорқыныш емес. Өйткені Ресейдің империалистік амбициясы картада жоқ құндылық емес, қазірдің өзінде Каспийдің арғы бетінен құлқынын созып, идеологиялық шабуылдарын бастап кеткені рас. Егер Украина майданында Батыс толық шегінсе, бұл Қазақстандағы ұлтшыл, демократиялық күштердің де моральдық күйреуімен аяқталуы мүмкін. Бүгінде біздің елдегі ресми сыртқы саясат бейтараптыққа салса да, ақпараттық кеңістіктегі басымдық Ресей үгіт-насихатының қолында. Баяғы геноцид, ашаршылық, отарлау кезеңінен аман қалған халық, қазір де сол идеологиялық қауіптің алдында тұр.

АНЫҚ САБАҚ: ХАЛЫҚТЫҢ САНАСЫ – СОҢҒЫ ҚОРҒАН

Мағауин мақаласын "Басшылары емес, қара орман жұртының ұлттық санасы, ынтымағы мен тұтастығы берік сақталып тұруы керек" деген түйінмен аяқтайды. Бұл сөз – бүгінгі билікке емес, болашаққа бағытталған үндеу. Советтік 70 жылдық езгіден аман қалған қазақ, егер өзі саналы, біртұтас болса – бұл жолы да тірі қалады. Ендеше, Трамп келді ме, Путин ұтты ма, Қытай күшейді ме – басты мәселе бұл емес. Бастысы – өзіңнің кім екеніңді, қай жақта екеніңді, қандай құндылықты ұстанатыныңды анық білу.

Жаңа әлемдік соғыс басталуы мүмкін. Бұл – жаһандық сарапшылар айтып жүрген болжам. Бірақ нағыз соғыс адамның сыртында емес, ішкі болмысында басталады. Егер рухың жеңілсе – сен әлдеқашан ұтылдың деген сөз. Мағауин соңғы сөзін советтік геноцидтен аман өткен қазақтың бұл алмағайып кезеңді де аман-есен атқарып шығады деген сеніммен аяқтайды.

Ая Өміртай

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.