ХАЛЫҚ АСТАНАҒА АҒЫЛЫП ЖАТЫР
Әсіресе, Түркістан өңіріндегі жағдай ерекше. Миграция көрсеткіші теріс сальдо, яғни көшіп келушілерге қарағанда көшіп кетушілер көп. Жыл басынан бері 15 625 адам көшкен, ал табиғи өсім (туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырмашылық) 25 377 адамды құрайды.
2024 жылы ел ішінде қоныс аударушылар саны 2,2 есе өскен. Бас қалаға 37,7 мың адам, Алматыға 22,6 мың адам келген. Бұлар тек ресми тіркелгендер ғана. Аймақтық бөлініспен қарасақ, көпшілік тұрғындар Астана мен Алматыдан бөлек Шымкент қаласына және Алматы облысына барады.
КӨШІ-ҚОНҒА ҚАРАМАЙ ХАЛҚЫ ӨСІП ЖАТҚАН ӨҢІРЛЕР
Көшіп кеткендер санына қарамастан Түркістан мен Маңғыстау облыстары халық саны өсімі бойынша бәрібір алда.
Халықтың жалпы өсімі (табиғи өсім + миграция сальдосы) 148,2 мың адамды құрайды. Аймақтар бойынша көшіп кеткендер мен көшіп келгендер статистикасы төмендегідей:
ШЕТЕЛДЕН ҚОНЫС АУДАРҒАНДАР САНЫ АРТТЫ
Биылғы алты айдағы халық өсімі былтырғымен салыстырғанда аз. 2023 жылы (қаңтар-маусым) халық өсімі 125,9 адам болса, биыл бұл көрсеткіш 118,6 мың адамды құрайды.
Алты ай ішінде елімізде 184,7 мың бала туған. Ең көп нәресте Маңғыстау облысында (1000 адамға шаққанда 24,80), Түркістан (24,78) және Шымкентте (23,55) тіркелді.
Биыл елге сырттан қоныс аударғандар саны көбейген. 2023 жылмен салыстырғанда шекара сыртынан көшіп келгендер 4,4%-ға артты. Олардың басым бөлігі ТМД елдерінен. Елімізден кеткендердің 77%-ы да сол ТМД елдеріне барған.