«Қазақстан-2030» бағдарламасын 1997 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастама етіп ұсынған болатын. Бұл бағдарлама халықтың өмір сүру деңгейін көтеріп, Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосу мақсатындағы ұзақ мерзімді даму стратегиясы ретінде таныстырды. Алайда арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, қазақстандықтар уәде етілген әл-ауқаттың жақсаруын көре алмай келеді. Керісінше, бұл кезең шикізат саудасынан түскен табыстардың бейберекет жұмсалуымен, тамыр-таныстық жайлаған жемқорлықпен, авторитарлық басқарумен және халықтың кедейленуімен есте қалды.
Juzmedia.kz мемлекеттік бағдарламалардың сәтсіздігін саралай отырып, «жарқын болашақ» уәде еткен «Қазақстан-2030» стратегиясының іске асырылу барысына талдау жасайды.
«Қазақстан-2030» – жай ғана сандармен әрленген «Жаңа Қазақстан», – дейді саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Расында, 1997 жылы елдің орасан зор табиғи ресурстарын дұрыс басқару арқылы 2030 жылға қарай Қазақстан дамыған экономикалардың қатарынан табылады деген сенім болды. Алайда уақыт өте келе «жеңіл ақша» ауыр жүкке айналды. Аса мол байлықтың қызығы көп болғанымен, оны басқару одан да қиын екені белгілі болды.
«ҚАЗАҚСТАН-2030» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТІ БАҒЫТЫ
Бұл бағдарламаны Нұрсұлтан Назарбаев жеке өзі қолға алып, жобаны дайындау барысында шетелдік «кеңесшілердің» ақыл-кеңесіне сүйенген болатын. Бағдарламада жеті басым бағыт белгіленді:
Алайда бұл стратегиялық мақсаттардың қайсысы толығымен жүзеге асты? Бұл бағдарламаның негізгі міндеттері айқын болғанымен, олардың орындалуы туралы сұрақ туындайды. Жоспар бойынша, 2000 жылмен салыстырғанда елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 10 есе өсуі керек еді. Халықтың табысы 4-5 есеге артып, орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетуі тиіс болатын. Жұмыссыздық деңгейі 3-4%-ға дейін төмендеп, шикізаттық емес сектор ЖІӨ-нің 50%-ын құрауы жоспарланды. Осыған қоса, жемқорлықтың деңгейі төмендеп, шетелдік инвестициялар 5 есеге артатын, барлық қызметтер цифрланатын және көлік инфрақұрылымы жаңғыртылатын болатын. Денсаулық сақтау мен білім беру жүйелері жаңартылып, өлім-жітім деңгейі төмендеуі тиіс еді.
Алайда 2030 жылға дейін небәрі бес жыл қалғанда, бұл уәделердің басым бөлігі орындалмағанын көруге болады.
«ҚАЗАҚСТАН-2030» НЕГЕ ӨЗ МАҚСАТЫН ОРЫНДАЙ АЛМАДЫ?
Біріншіден, Қазақстандағы жемқорлық әлі күнге дейін ең өзекті мәселелердің бірі ретінде қалып отыр. Transparency International ұйымының Жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орынды иеленген.
Екіншіден, халықтың жалақысы инфляцияға ілесе алмай, тұрмыс деңгейі жақсарудың орнына нашарлап барады. Ал білім беру мен денсаулық сақтау салалары әлі күнге дейін тиімді қаржыландырылмағандықтан, қолжетімсіз және бірқатар шешімін таппаған мәселелермен бетпе бет қалып отыр.
Үшіншіден, ел экономикасы әлі күнге дейін мұнай мен шикізатқа тәуелді. Шикізаттық емес сектордың үлесі жоспарланған 50%-ға жеткен жоқ. Деректер мен зерттеулер көрсеткендей, соңғы жылдары өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық салалар назардан тыс қалып, жеткілікті деңгейде дамымай отыр.
МҰНАЙДЫҢ ҚЫЗЫҒЫН КІМ КӨРДІ?
«Қазақстан-2030» стратегиясының шынайы «авторы» – америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен. Оны Қазақстан элитасының «қазынашысы» деп атайды. Ол жоғары билік өкілдеріне қатысты атышулы «Қазақгейт» жемқорлық ісінің басты айыпталушыларының бірі болды. Гиффеннің Mercator Corporation атты компаниясы бұрынғы Кеңес Одағы елдеріне инвестиция салумен қатар, Қазақстанның мұнай келісімдері арқылы түрлі қаржылық махинацияларға барған.
Дәл осы Гиффен сол кездегі президентке Қазақстанның даму жоспарын елдің табиғи байлықтарын барынша игеру арқылы жүзеге асыруды ұсынды.
2003 жылы АҚШ прокурорлары Гиффенге қатысты айып тақты. Ол Теңіз мұнай кен орны бойынша ірі келісімшарттарға қол жеткізу үшін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министр Нұрлан Балғымбаевқа 84 миллион доллар көлемінде пара берді деп айыпталды. Гиффен Нью-Йорк әуежайында Парижге ұшпақ болған кезінде тұтқындалды. Оның жанынан Қазақстанның дипломатиялық паспорты табылды, бұл Қазақстан заңдары бойынша қос азаматтыққа рұқсат етілмейтінін ескерсек, үлкен дау туғызды.
Алайда бұл айыптаулардың бәріне қарамастан, 2010 жылы Гиффен тек салық заңнамасын бұзғаны үшін жеңіл жаза алды. Бұл оның Орталық барлау басқармасымен (CIA) байланысы бар деген күдіктерді күшейтті. Көпшілік Гиффеннің АҚШ билігімен құпия келісімге келіп, түрмеден құтылып кеткенін айтып жүр.
НАЗАРБАЕВ ӘУЛЕТІНІҢ БАЙЛЫҒЫ
«Қазақгейттен» тәркіленген 84 миллион доллар бастапқыда Қазақстан қазынасына тиесілі қаражат болуы керек еді. Алайда кейін Назарбаев парламент арқылы өзіне құқықтық иммунитет беретін арнайы заң қабылдатты.
Осы 20 жыл ішінде Назарбаевтың отбасы айтарлықтай байыды. Азаттық радиосы жүргізген зерттеуге сәйкес, 2020 жылдың желтоқсанында Назарбаевтың отбасы мүшелері мен жақын туыстары Еуропа мен АҚШ-та кемінде 785 миллион долларды жылжымайтын мүлікке салғаны анықталды.
Бұл сомаға кейін сатылып кеткен бірнеше ірі зәулім ғимараттар кірді. Олардың қатарында Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев АҚШ-та сатып алған мультимиллиондық пәтерлер де бар.
Бұл қаражат елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалуы тиіс еді. Алайда ол мемлекеттік мүддеге емес, билік басындағылар мен олардың отбасыларының жеке байлығын арттыруға бағытталды.
«ҚАЗАҚСТАН-2050»: БҰРЫНҒЫ СТРАТЕГИЯНЫҢ ЖАЛҒАСЫ МА
Бұрынғы мақсаттардың орындалмайтынын түсінгеннен кейін, 2012 жылы Назарбаев жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясын ұсынды. Алайда билік қателіктерді мойындаудың орнына, бағдарламаның мерзімін тағы 20 жылға ұзартты.
«Қазақстан-2030» бағдарламасындағы жоспарланған көрсеткіштердің орындалмайтынын түсінген экс-президент бұл жолы индустрияландыру мен инновацияны, сондай-ақ ресурстық емес секторды дамытуға басымдық беретінін мәлімдеді. Бірақ нақты іске асыру механизмдері көрсетілмеді.
Бағдарламада нарықтық экономикасы бар күшті мемлекет құру міндеті қойылғанымен, елдегі саяси жүйе бұрынғыдай авторитарлы болып қалды. Жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі деп жарияланғанымен, шынайы антикоррупциялық реформалар жүзеге аспады. Мемлекет әлеуметтік бағыт алады деп уәде етілді, алайда халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау айтарлықтай жақсарған жоқ.
Сонымен қатар, «Қазақстан-2050» бағдарламасы аясында билік «есеп беретін мемлекет» қағидатын енгізуді мәлімдегенімен, нақты демократиялық реформалар жүзеге аспады. Оның орнына «Мәңгілік Ел» атты жаңа бағдарлама пайда болып, елдің «жасыл экономикаға» көшуі күн тәртібіне қойылғанымен, Қазақстанның мұнай мен газға тәуелділігі сол күйінде сақталды.
«Иә, «Қазақстан-2050» бағдарламасында нақты көрсеткіштер жоқ. Егер «Қазақстан-2030» стратегиясында нақты сандар белгіленсе, жаңа стратегияда олар жалпылама сипат алған. Енді «экономиканы әртараптандыру» деп қана айтылады, бірақ бұрынғыдай «ресурстық емес сектордың үлесін 50%-ға дейін жеткізу» деген нақты мақсат көрсетілмеген. Сол сияқты, енді «жемқорлықпен күрес» жай ғана жалпы ұран ретінде айтылып жүр, бірақ нақты қанша пайызға төмендеуі керектігі белгісіз. Билік бүкіл экономикасы шикізат экспортына тәуелді болып тұрғанда, бағытты күрт өзгерту оңай болмайтынын түсінеді», - дейді саясаттанушы Әнуар Бақытханов.
«Қазақстан-2050» стратегиясы елдің дамуы үшін ұзақмерзімді жоспар ретінде ұсынылды. Алайда, ол нақты сандар мен мақсаттардан гөрі жалпы ұстанымдар мен идеяларға сүйенеді. Стратегияның жүзеге асырылуы әлі күнге дейін жемқорлыққа, әлсіз институттарға және саяси реформалардың жоқтығына келіп тіреледі.
Осыған қарамастан, билік елдегі жағдайды өзгерту үшін түбегейлі реформалар жүргізуге құлықсыз, оппозиция мен медианы қатаң бақылауды жалғастырып келеді. Ал байлықтың басым бөлігі халықтың емес, аз ғана элитаның қолында шоғырланған. Кез келген мәселе уақыт өткен сайын күрделеніп, шынайы реформалар қажеттілігі арта түседі. Бірақ аталған өзгерістердің қашан әрі қалай жүзеге асырылатындығы шешімін таппаған сауал ретінде қалып отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.