homepage
Видеодан алынған кадр

Сотталушыларды «азаптады» деп айыпталған түрме қызметкерлеріне қатысты үкім жойылды

11.04.2025, 12:21

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Атбасар ауданының Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) 12 қызметкеріне қатысты үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қылмыстық қудалау органының мәліметінше, аталған қызметкерлерге сотталғандарға рұқсат етілмеген тәсілдермен әсер етті деген айып тағылған болатын. Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы – «Азаптау» бойынша жауапқа тартылған.

Алайда, алқабилер алқасының шешімімен айыпталушылар кінәсіз деп танылып, қылмыс оқиғасының болмағаны үшін толық ақталды. Сот үкімінің күшін жоюға бірқатар процессуалдық бұзушылықтар негіз болған. Атап айтқанда, алқабилердің қатысуымен қаралуы тиісті емес мәселелер зерттеліп, бұл жәбірленушілерге қатысты объективті пікір қалыптастыруға кедергі келтірген. Сонымен қатар, бірқатар жәбірленушілерге жарыссөздерге қатысу құқығы толық көлемде берілмегені анықталған.

«Сот әділдігі — тек үкім шығарумен емес, ол үкімге дейінгі барлық процессуалдық сатылардың заң талаптарына сай өтуімен өлшенеді», – делінген Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қазіргі таңда іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына басқа құраммен қайта қарауға жолданды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.