Ұлттық банк айырбастау пункттеріне курс жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салмақшы. Осындай заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Бірақ пункт иелері бұл өзгеріске қарсы. Курс жазылған тақта кетсе, клиенттерден де айырыламыз, көлеңкелі ойыншылар көбейеді деп қорқады. Juzmedia тілшісі Алматыда Айырбастау пункттері қауымдастығы өткізген жиынға арнайы қатысып қайтты.
ҰЛТТЫҚ БАНК КУРС ЖАЗЫЛҒАН ТАҚТАНЫ АЛЫП ТАСТАУҒА НЕГЕ АСЫҚ?
Валюта курсы жазылған тақталар тәуелсіздік алғалы бері жол бойында тұр. Аяқ астынан одан қандай қауіп болуы мүмкін? Ұлттық банк мұны екі себеппен түсіндірді. Әуелі – бұл тақталар жарнама емес. Сондықтан «бей-берекет іліп тастауға болмайды» дейді. Екіншіден – курс жазылған таблолар көлік жүргізушілерін алаңдатып, жол апатына себеп болуы мүмкін екен. Бірақ күні бүгінге дейін ол тақталардың кесірінен апатқа ұшырады деген оқиғалар тіркелген емес. Журналистер бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасарынан сұраған.
«Маған көлік жүргізуші ретінде кедергі жасайтын еді. Қаншама белгілер бар», - деген Ерұлан Жамаубаев мәжілістен кейін журналистерге. Бірақ валюта курсы жазылған табло қауіпті дейтін нақты фактілер бар ма деген сұраққа жауап бере алмады.
«Қазір табамыз, тексереміз» - деді жай ғана ол.
ҰЛТТЫҚ БАНК ӘДІЛЕТТІ ЕМЕС ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ
Айырбастау пункт иелері реттеушімен келіспейді. Олардың пікірінше, көше бойында жүргізушінің назарын аударатын қаншама бильбордтар мен жарнамалар бар.
Ал валюта бағамы жазылған тақта сыртқы жарнама орнату ережелеріне сай ілінеді. Олар жүгіртпе жол емес, жарығы жоқ, түнгі уақытта жұмыс істемейді және басқа да жарнамалық конструкцияларға қарағанда жүргізушінің назарын аудару мүмкіндігі өте төмен.
«Валюта бағамдары туралы ақпарат — жарнама емес, бұл әлеуметтік маңызы бар ақпарат, оған қол жеткізу барынша қарапайым әрі ашық болуы керек. Біз мұндай өзгерістер енгізілген жағдайда, ақпарат тарату құқығымыз да, тұтынушылардың валюта бағамдары туралы сапалы әрі дер кезінде ақпарат алу құқығы да бұзылып отыр деп санаймыз», - дейді Айырбастау пункттері қауымдастығының жетекшісі Аршын Ғалымбаев.
Әрі қаланың сыртқы келбеті, сәулеті және жол қауіпсіздігіне қатысты шешім шығаруға да Ұлттық банк құзыры жоқ деп есептейді ол.
Ең қызығы, тек көше бойындағы айырбастау пункттерінің таблосын алып тастауды міндеттеп отыр. Бірақ әуежай, темір жол және басқа да сауда орталықтарындағы тақталар қала береді. Нарық қатысушылары «мұны нағыз алалау» дейді. Яғни ойыншылар үшін тең емес жағдай жасады, бұл Кәсіпкерлік Кодексіне қайшы.
«Егер нақты бір тақтайша жол белгілерін жауып тұрса немесе жүргізушілердің көзін шағылыстырса — бұл әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады және жергілікті атқарушы органдардың нұсқамасы бойынша жойылуға тиіс. Жеке оқиғалар үшін бүкіл ел бойынша жаппай тыйым енгізу — бұл шешім емес, бизнес пен халықтың мүдделерін шектеу», - деп түсіндіреді Айырбастау пункттері қауымдастығының экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Рәбиям Серікбаева.
Реттеуші тіпті жаңа ережелер туралы айырбастау пункт иелеріне ескертпеген, тікелей байланыс орнатпаған. Аршын Ғалымбаев «бұл жаңалықты БАҚ-тан оқығанын» айтады.
ЖАҢА ЕРЕЖЕНІҢ ТЕРІС САЛДАРЫ БОЛА МА?
Ең бірінші кезекте – елде көлеңкелі айырбастау пункттері пайда болуы мүмкін. Қазір ресми статистика бойынша елде 565 айырбастау пункті бар. Оның басым көпшілігі – Алматы және Астана қалаларында орналасқан. Көлеңкеде жұмыс істеген тек екі пункт қана болған, олар қазір жойылды. Егер бұл заң күшіне енсе, көлеңкелі айырбастау пункттері тағы көбеюі мүмкін.
Тағы бір қауіп – табыстан айырылу. Курс жазылған тақта айырбастау пункттерінің витринасы тәрізді, ол клиенттерді шақырады.
«Валюта айырбастау бағамы жазылған тақта – клиенттерді әкелетін фишка. Тақтаның болмауына байланысты клиенттер ағыны да азаяды. Тез табыла қоймайтын орындардадағы айырбастау пункттерінің клиенттері жоғалады, шығынға батады», – деп түсіндіреді қауымдастық жетекшісі
АЙЫРБАСТАУ ПУНКТ ИЕЛЕРІНІҢ ҰСЫНЫСЫ ҚАНДАЙ?
Сала мамандары жаңа өзгерістерге наразы, осы орайда өздерінің де ұсынысын білдірді. Олар:
Әзірге, Ұлттық банк ұсынған заң жобасы 14 сәуірге дейін ашық талқылауда болады. Реттеушінің нарық ойыншыларының пікірін қаншалықты ескеретіні белгісіз. Осы ереже күйінде қабылдаса, нарық үшін салдары болатынын ұмытпау керек.
Тағы бір айта кететін дүние, курс жазылған тақтаны алып тастау туралы норма көрші Ресейде де қабылданған. 2019 жыл Путин арнайы заңға қол қойды. Сол кезде заң авторлары «көлеңкедегі айырбастау пункттерімен күресеміз» деп түсіндірген. Бірақ нарықтағы сарапшылар ол заңның соншалықты тиімді бола қоймағанын айтады.
Сондай-ақ оқыңы
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.