homepage
Фото әлеуметтік желіден

Шерзат Болатты өлімі бойынша сотта алдын ала тыңдау өтті

10.04.2025, 17:47

Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта жасөспірім Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы істің тыңдауы өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, басты күдікті — Абзал Шынасыл. Оған ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру») және 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша айып тағылып отыр. Прокурордың сөзінше, ол Шерзат Болатқа алдын ала дайындап әкелген пышақпен жүрек тұсына соққы жасаған.

«Шынасыл жасөспірім екенін біле тұра, оқиға орнына келген анасы мен әжесінің көзінше ерекше қатыгездікпен пышақ сұққан», – деді мемлекеттік айыптаушы.

Қанды оқиға Талғар қаласындағы дүкен маңында болған. Прокурордың айтуынша, бірнеше адамнан құралған топ қоғамдық тәртіпке нұқсан келтіріп, Шерзат Болатқа, оның әкесі Қаржаубай Нұрымовқа, ағасы Нурганат Гаипбаевқа және тағы бір жасөспірімге шабуыл жасаған. Шерзатқа соққы жасаған соң, топ  марқұмның туыс ағасы Ғайыпбаевты да пышақтаған.

«Жарақат алғанына қарамастан, Шерзат бірнеше метрге жүгіріп, құлаған. Артынша шабуылдаушылар қайтып келіп, оны аяқпен тепкілеп, ұрып-соққан», – деді прокурор.

Оқиға орнынан барлық күдіктілер қашып кеткен. Ал Шерзат Болатты әкесі өзі көлігімен Талғар аудандық ауруханасына жеткізгенімен, ол сол жерде көз жұмған.

Сот алдында 9 адам жауап береді. Олардың қатарында: 

- Абзал Шынасыл – адам өлтіру және бұзақылық бойынша; 

- Равиль Сакиев – кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық бойынша; 

- Шынгыс Белгожаев, Аскентай, Ильясов, Нурбол және Азамат Токтаубаевтар, Дидар Калиахмет – бұзақылық бойынша; 

- Думан Ысқақ – ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін айыпталып отыр.

Жоғары Соттың мәліметінше, алдын ала тыңдау қорытындысы бойынша шығарылған сот қаулысына сәйкес, іс ашық сот отырысында қаралатыны анықталды.

Басты сот талқылауы 2025 жылдың 17 сәуіріне сағат 10.00-ге белгіленді.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.