homepage
Видеодан алынған кадр

Ақтауда пышақ ұстаған ер адам балаларды шошытты

10.04.2025, 06:56

Ақтауда ер адам пышақпен балалардың көзінше айғайлап, көпқабатты үйдің ауласында үрей тудырды. Оқиға 5-шағынаудандағы №28 үйде болған. Бұл туралы оқиға орнынан түсірілген видео жергілікті пабликтердің бірінде жарияланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Видеодан үшінші қабаттағы балконда қолына пышақ ұстаған ер адамның «Кетіңдер бұл жерден, жоғалыңдар!» деп айқайлап жатқаны анық көрінеді. Бір сәтте балконға әйел адам шығады, алайда ер адам оны балағат сөздермен қорқытып, қайтадан ішке итеріп жібереді. Әйел адам пышақты тартып алуға әрекет жасаған сәтте бейнежазба үзіліп қалады.

Аталған жағдайға қатысты қала полиция басқармасының бастығы, полковник Айдар Қасанов түсініктеме берді:

“Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері пәтерде тұратын азаматтың бұрыннан психиатриялық есепте тұрғанын анықтады. Қауіпсіздік шаралары қабылданып, ол оқшауланды”, – деді ведомство басшысы.

Полиция өкілдері қазіргі уақытта тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрмағанын айтып, балалар мен көршілердің жағдайы жақсы екенін жеткізді.