homepage
Фото: freepik.com

Жаңа Салық реформасы: қосылған құн салығынан кімдер босатылады?

09.04.2025, 12:11

Қазақстанда жаңа Салық кодексі қабылдануға жақын. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Үкімет депутаттардың бірқатар ұсыныстарын қолдап, салық саясатын түбегейлі өзгертуге дайын екенін білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырып, салық саласындағы реформаның негізгі бағыттарына тоқталды. Заң жобасы 2023 жылдың қыркүйегінен бастап талқыланып, биыл тұжырымдамалық өзгерістермен толықты.

ҚҚС мөлшерлемесі төмендейді, шек өседі
Ең өзекті жаңалықтардың бірі – қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа мөлшерлемесі мен тіркеу шегіне қатысты. Жоба аясында ҚҚС 16% мөлшерінде белгіленбек, ал тіркеу шегі 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар ҚҚС-тан босатылады
Министрдің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітаптар, археология саласы ҚҚС-тан мүлде босатылады. Ал ақылы медициналық қызметтер үшін ҚҚС 10% деңгейінде сақталады. Дәрі-дәрмектердің әлеуметтік маңызы бар тізімін Үкімет бекітеді.

Салықтардың жалпы саны қысқарады
Жаңа кодекс салық, төлем және алымдардың санын оңтайландыруды көздейді. 12 салықтың орнына 11 ғана қалмақ, кейбір төлем түрлері біріктіріліп немесе мүлде алынып тасталады. Сонымен қатар салықтық мөлшерлемелер мен алымдар айтарлықтай қысқарады.

Арнаулы салық режимдері оңтайландырылады
Қазіргі 7 арнаулы салық режимінің орнына үшеуі ғана қалмақ: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режим, оңайлатылған декларация режимі және шаруа қожалықтарына арналған режим. Сонымен қатар B2C операцияларға басымдық беріліп, қызметкерлер санына шектеу алынбақ.

Байларға – көп салық, кедейлерге – қолдау
Заң жобасында әлеуметтік әділдікке ерекше назар аударылған. Жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын азаматтарға 15% мөлшерінде прогрессивті жеке табыс салығы енгізіледі. Сонымен қатар, құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік пен 75 миллион теңгеден жоғары көлік құралдарына жоғары салықтар мен акциздер белгіленеді.

Инвесторларға жаңа ынталандырулар
Салық реформасы геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру саласында жұмыс істейтін инвесторлар үшін де бірқатар жеңілдіктер ұсынады. Мысалы, рентабельділігі төмен кен орындарына 5 жылға пайдалы қазбаларды өндіру салығының нөлдік мөлшерлемесі енгізілмек.

Салық әкімшілендіруі – сервистік модельге көшеді
Жаңа жүйеде салық органдары адал бизнеске кедергі келтірмей, ең тәуекелді салаларға ғана назар аударады. Салықтық есептілік көлемі 30%-ға қысқарып, камералық бақылау тәсілі ескерту сипатына ие болады.

Нәтиже қандай болады?
Жобаның негізгі мақсаты – салық жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, әділдікті арттыру және көлеңкелі экономиканы қысқарту. Үкіметтің болжамынша, салық реформасының арқасында бюджетке қосымша 4-5 трлн теңге түсім түспек.

Министр Жұманғариннің айтуынша, бұл жаңа Салық кодексі кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырып, елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Реформаның нәтижесінде Ұлттық қорға тәуелділік азайып, мемлекеттік бюджет өз-өзін қамтамасыз ету деңгейіне жетеді деп күтілуде.

 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.