homepage
Фотоколлаж: Juzmedia

Magnum дауы: Заңды бұрмалау, бизнес жауапкершілігі және тұтынушы құқығы

Juzmedia. kz
09.04.2025, 09:13

Соңғы аптада әлеуметтік желілер мен медиа алаңдарда Magnum-ның жеткізу қызметіне қатысты дау қызу талқыланды. Қазақ тіліне қатысты немқұрайлылық халық наразылығын тудырып, көп ұзамай бұл жағдай тек желідегі реакция ғана емес, қоғамдық резонансқа айналды. Әлеуметтік желі қолданушылары бойкот жариялауға, кәсіпкерлік құрылымдардан түсініктеме талап етуге шақырды.
Бұл – жекелеген қызметкердің кемшілігі ме әлде бизнес құрылымдардағы тілге деген салғырттық па? Тілге қатысты бұл дау мемлекеттік саясат, тұтынушы құқығы мен бизнес жауапкершілігі секілді бірнеше өзекті саланы қозғап отыр. 

ДАУ ҚАЛАЙ ӨРШІДІ?

Асылхан есімді тұтынушы Magnum сауда желісі арқылы азық-түлікке тапсырыс бергенін, оны жеткізген курьердің өзінен қазақша сөйлеуді талап еткенін айтады. Осыдан кейін ол наразылығын білдіріп пост жазған.

Мұны көрген компания басшылығы қызметкерді жұмыстан шығарып жіберген. 

ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ

Бұл жағдай тек бір оқиға емес, соңғы жылдары жиілеген тенденцияның жалғасы. Әлеуметтік желі қолданушылары тұтынушы ретінде өз құқықтарын белсенді қорғап, тілдік кемсітушілікке бей-жай қарамайтынын көрсетті. Белсенділер, қоғам қайраткерлері мен блогерлер бұл жағдайды тек Magnum-ге ғана емес, өзге де ірі сауда желілеріне бағытталған ескерту ретінде қабылдады.

 


Осыдан кейін Facebook-те резонанс басталды. Руслан Түсіпбеков есімді белсенді жағдайды мемлекеттік тілге жасалған қастандық деп айыптады.

«Бір қазақ екінші қазақты "қазақша сөйле" деп ренжітті. Соңғысы жұмыстан қуылды. Біріншісі өкінетін сияқты, бірақ Magnum компаниясының логистикалық директорының өзі хабарласып, мәселені шешкеніне өте қуанышты. Мысалы, Ресейдегі жағдайды елестетіп көріңізші. Ресейде орыс тілінде сөйлеуді сұраған курьерді жұмыстан шығару – қоғамда үлкен резонанс туғызар еді. Бұл жағдайда Ресейде, ресми тіл — орыс тілі болғандықтан, қызметкерлердің ресми тілде сөйлесуге құқығы бар деп саналады. Мемлекеттік тілде сөйлесуді талап еткен қызметкерді еш жерде жұмыстан шығаруға жол берілмейді. Бізге оңай! Осыдан кейін бізді кім сыйлайды?», - деп жазды Руслан Түсіпбеков. 

ЗАҢДЫ БҰРМАЛАУ

Бұл постқа жауап берген Magnum өкілі жағдайдың заңнама аясында реттелгенін атаған. Алайда компания өкілі Орыс тілін қолдану бойынша 5-бапқа «ұйымдарда» деген өзгерту енгізіп жауап берген.

«Біз өз жұмысымызда Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа аламыз. Мемлекетіміздің Конституциясына сәйкес: «Мемлекеттік ұйымдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және ұйымдарда орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Біз адамдарды ұлтына қарай бөлмейміз және барлық сатып алушыларымызға бірдей қамқорлық жасаймыз. Біз жұмыс барысында сатып алушыларды тәрбиелемеуіміз және оларға мәдени немесе басқа да дүниетанымдық талаптар қоймауымыз керек. Сондықтан біз қызметкерімізді сөйлесу тілі үшін емес, сатып алушымен қарым-қатынас жасау мәнері, жұмыс орнындағы лауазымды асыра сілтеп пайдаланғаны үшін жұмыстан босаттық», - дейді компания өкілі.

Алайда бұл жауап қоғам белсенділері мен бірқатар журналистердің сынына ұшырады. Олар компанияның заңды бұрмалап түсіндіріп отырғанын айтып, «ұйым» ұғымы заңнамада көрсетілмегендігін және жеке бизнес нысандарын ақтай алмайтынын алға тартты.

«Магнумдықтар жалған тіркес қосып алыпты. Яғни ешбір сауда дүкеніне біздің Заң орысша сауда жасауға рұқсат бермейді. Оны қолдануға басқа актілері рұқсат етеді. Өзін қорғау үшін өтірік қосқаны бұл мекемені мүлдем мүсәпір ете түседі», - деп сынады белгілі журналист Серік Әбікенұлы.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаға байланысты мемлекеттік органдар әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасамағанын айта кету керек. 

ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЗНЕС ОРТАДА

Сарапшылардың пікірінше, қазақ тілін елемеу – тек тілдік емес, стратегиялық қате. Бұл клиентпен байланысты әлсіретеді, қоғам тарапынан сынға ұшыратады, кей жағдайда қаржылық шығынға да апарады. 

Коммуникация жөніндегі сарапшы Айбар Олжаев қазақ тілінің бизнес ортадағы орнын өзгерту процесінің тек заңдық талап қана емес, сонымен қатар заманауи бизнестің маңызды аспектісіне айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, қазақ тілінің сұранысы айтарлықтай артып келе жатқандықтан, алдағы 1-2 жылда көптеген компаниялар өз қызметін қазақ тілінде ұсынуға бейімделуге тиіс. Бұл процесс қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін ескере отырып, бизнес үшін жаңа талаптарды қалыптастырады. Алайда, әлі де көптеген компаниялар ескі психологиямен жұмыс істеп, тілдік кемсітушілікті елемейді. Мұндай жағдайлар әлі де даулар мен түсініспеушіліктерге әкелуі мүмкін.

“Қазақ тілінің бизнес ортадағы рөлі қазір коммуникациялық рөлге ие, яғни “тұрмыстық коммуникациялық” рөл деп аталады. Көптеген тұтынушылар қазақ тілінде қызмет алады, және соған сәйкес компаниялар қазақ тілінде қызмет көрсетуі тиіс. Мемлекеттік заңдылықтардан бұрын, бизнес заңдылығы басым. Дәл осы кезде елімізде белгілі бір трансформациялық кезең басталды. Бұл кезең 2-3 жылға созылады деп ойлаймын. Бизнес қазақтілді аудиторияның талабын бұған дейін көрмеген, басына түспеген. Енді ғана талапты көріп отыр. Бизнес өз жұмысын қазақ тілінде жүзеге асыруға бейімделуге тиіс. Алдағы 1-2 жылда қай тілге сұраныс бар, сол тілге ауысады. Бұл жерде әңгіме қазақ тілі туралы. Егер қазақ тілін талап етсе, міндетті түрде қазақша қызмет көрсетілуі тиіс. Қазір осы жолда түсініспеушіліктер болып жатыр. Адамдардың ескі психологиясы, әсіресе тұтынушылармен жұмыс істейтін бизнестің, оның ішінде шағын бизнестің психологиясы енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан бұл жерде әлі де даулар, жанжалдар мен түсініспеушіліктер болуы мүмкін, бірақ 1-2 жылдан кейін жағдай орнына келеді. Бұл үрдіс 3 жыл бұрын, пандемия кезінде басталған, әсіресе 2022 жылы күшейді. Енді 2020-2027 жылдар аралығында жүріп өтеді деп ойлаймын. 2027 жылдан кейін бұл мәселе толығымен шешіледі. Барлығы өз шешімін тауып, бизнес қазақ тіліне өтіп, клиенттердің тілдік сұранысын толық қанағаттандырады”, - дейді сарапшы Juzmedia-ға берген сұқбатында. 

Қоғамдық пікір мен тұтынушылардың ықпалы бизнес үшін өте маңызды екенін айтқан Айбар Олжаев қазақ тілін қажетсіз деп санайтын кей компаниялардың әлеуметтік қысым мен бойкоттың нәтижесінде беделінің айтарлықтай төмендегенін атап өтті.

Бұл жағдай тұтынушылардың пікірі мен олардың талабы бизнеске әсер ететінін көрсетті. Айбар Олжаевтың пікірінше, егер компания өз қызметін қазақ тілінде ұсынбаса, тұтынушы оңай түрде басқа компанияға ауыса алады. Сондықтан компаниялар өз қызметтерін тиімді түрде коммуникативтік тілде ұсынуға бейімделуі керек, себебі бұл бизнестің тұрақтылығы мен қоғаммен дұрыс байланыс орнатуға үлкен әсер етеді.

“Компаниялар қазақ тілін қажетсіз санауы ескі, «барлығы орысша біледі» деген психологиялық қателіктен туындап отыр. Компаниялар өздері орыс тілінде сөйлейтін ортада болғандықтан, «не себепті менен қазақ тілінде қызмет көрсетуімді талап ететін азаматтар бар?» деген сұрақ туындайды. Олар жағдайды түсінбейді. Орысша білмейтін адамдар да бар. 

Бірінші, орысша білмейтін адамдар бар, екіншісі – мемлекеттік тілді талап ететіндер бар. Екеуінің де жағдайы орынды. Сондықтан компания, өз қызметін сатуға немесе адамдардың назарын тартуға мүдделі болғандықтан, алғашқы қадамды өзі жасауы керек. Себебі тұтынушының таңдау жасауға толық құқығы бар. Егер бір компания қазақ тілінде қызмет көрсетпесе, тұтынушы оңай түрде басқа компанияға ауыса алады. Ең бастысы, компания өз коммуникациялық қызметін дұрыс жолға қоюы керек. Тұтынушылардың ықпалы өте жоғары. Қазақ тілді дау немесе басқа да жанжалдар болған кезде компаниялар көп зиян шекті. Мысалы, Chocolife. Оның негізгі қожайыны Рамиль Мухаряпов бірінші болып осы Chocolife брендінен бас тартты. Сатуға мәжбүр болды. Қазір қарап отырсаңыз, Chocolife бұрынғыдай дүркіреп тұрған компания емес. Кофехана болды, бірақ ол шағын бизнес еді, мүлде жабылды. Ал “Пинта” қазақтілді музыка бойынша өз форматын өзгертіп, кешірім сұрап, қазақ тіліндегі әндерге ауысты. Демек, бұл компания белгілі бір трансформациядан өтті. Сондықтан бойкот пен қоғамдық қысымдардың нақты нәтижесі бар. 

Біріншіден, бұл - компанияның іскерлік беделі. Оның белгілі бір рейтингтері, пікірлер және тұтынушылардың көзқарасы бар. Егер компания тілдік дискриминацияға жол беретін болса, қоғамдық пікір оған үлкен қысым жасайды. Тұтынушылардың пікірі теріс болады, ал 2ГИС сияқты рейтинг беретін платформаларда бағасы төмендейді. Мұның барлығы іскерлік беделге әсер етеді. Сондықтан іскерлік беделдің бойкотқа ұласуы оның деңгейінің төмендеуіне алып келеді. Бұл - жағымсыз процесс. Сондықтан бойкот пен қоғамдық қысымдардың, әрине, нәтижесі бар”, - дейді сарапшы. 

MAGNUM КОМПАНИЯСЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА

2007 жылы құрылған «Magnum Cash&Carry» ЖШС — бүгінде Қазақстанның 14 қаласы мен Өзбекстанның Ташкент қаласында 200-ден астам дүкені бар ірі бөлшек сауда желісі. Компания Magnum 24/7 гипермаркеті, Magnum super, Magnum express және Magnum daily форматтарында жұмыс істейді.

Magnum Cash&Carry – Қазақстандағы бөлшек сауда саласының ірі ойыншысы. 2024 жылғы ресми деректерге сәйкес, компанияның жылдық табысы 480 миллиард теңгені құрап, 10 000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұндай ауқымда жұмыс істейтін брендтің әр өңірдегі тұтынушымен тіл табыса алуы – бизнес тұрақтылығы мен қоғаммен байланыс үшін аса маңызды.

Бас директоры – Яков Фишман, құрылтайшылары – Азамат Османов және Илья Кириченко (Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы арқылы).

Компания Magnum Club адалдық бағдарламасын дамытып, Magnum Go мобильді қосымшасы және Kaspi.kz платформасымен әріптестік арқылы онлайн-сатылым қызметін де жолға қойған. Magnum ассортиментінде «Всё в дом», Kunde, Toibastar, Ocean Food сынды жеке брендтері бар.

Авторы: Ая ӨМІРТАЙ

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.