Алматы қаласы Түрксіб ауданы прокуратурасының араласуымен қала әкімінің орынбасары мен бірқатар аудандық лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуына тосқауыл қойылды. Бұл туралы Бас прокуратура ресми түрде мәлімедеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, қала әкімінің орынбасарының тапсырмасымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізу барысында аудан әкімдіктерінің қызметкерлері өз өкілеттіктерінен асып түсіп, кәсіпкерлерден тауарларға ілеспе жүк құжаттарын заңсыз түрде талап еткен.
«Мұндай әрекеттер заңнамаға қайшы келеді, себебі тексерушілерде бизнестен құжаттаманы талап ету үшін құқықтық негіздер болмаған.», – делінген хабарламада.
Тексеру барысында әкімдік қызметкерлерінің тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, нәтижесінде аудан әкімдері аппараттарының 6 лауазымды тұлғасы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 175-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынған 25 әкімшілік материал тіркелген.
Сонымен қатар Алматы қаласы әкімінің орынбасары ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабы – «Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу» бабы бойынша 100 АЕК көлемінде айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапқа тартылды.
Қазіргі уақытта барлық айыппұлдар қысқартылған тәртіппен толық төленген.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.