Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі қалыптасып отыр. Бұл жағдайға бірнеше фактор әсер етіп отыр. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті қалыптасқан жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарадағы өткізу пункттерінде жүк автокөліктерінің кезегі ұзын-сонар. Бұл бірқатар себептерге байланысты.
«Атап айтқанда, жүк көліктерінің СЭО жүйесіне брондау күніне дейін алдын ала келуі, Қытай тарапынан өткізу процесінің баяулауы, бұл ішкі рәсімдермен және шекарада жұмыс істеу ерекшеліктерімен байланысты», – деп хабарлады Комитет.
Сонымен қатар, Қытай аумағында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқаны да өткізу қабілетінің төмендеуіне әсер етуде. Атап айтқанда, жол жамылғысын қайта құру, тексеру және бақылау кешендерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған қоса, маусымдық факторлар – мерекелік кезеңдер де көлік ағынының күрт артуына алып келеді.
Осы мәселелерді шешу үшін Қазақстан тарапы Қытаймен тығыз келіссөздер жүргізуде. Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдегендей, «өткізу қабілетін арттыру және екі ел арасындағы өзара әрекеттестікті жақсарту бағытында тұрақты келіссөздер жүргізіліп жатыр».
2023 жылғы 1 шілдеден бастап электрондық кезек жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл жүйе жүк көліктерінің нақты белгіленген уақытта келуін қадағалап, жолдардағы жүктемені азайтуға бағытталған.