homepage
Фотоколлаж Juzmedia

Күдіктілер әлі табылмады: Павлодарда ер адамды биіктен лақтырып жіберген

04.04.2025, 14:37

21 қаңтар күні сағат 19.00 шамасында белгісіз біреулер 50 жастағы Асылбек Қаражановты өз пәтерінің 4-қабатынан лақтырып жіберген. Марқұмның туыстарының айтуынша, тергеу өрескел заңбұзушылықтармен үш айдан бері жүріп жатыр, алайда іс бойынша күдіктілер әлі жоқ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

“БҰЛ - СУИЦИД ЕМЕС, ҚАСАҚАНА КІСІ ӨЛТІРУ”

Бастапқыда тергеушілер істі суицид, яғни «өзіне-өзі қол жұмсау» бабы бойынша жауып тастағысы келген, бірақ марқұмның отбасы мен заңды қорғаушысы аталған бапты «Кісі өлтіру» бабына ауыстыруға қол жеткізген.

"Бізге тағайындалған тергеуші мүлде жұмыс істемеді. Дегенмен біз шындыққа жетпей қоймаймыз және әкемді өлтіргендердің тиісті жазасын алғанын қалаймыз. Бұл суицид емес. Мәйіттегі зорлық-зомбылық іздері оның кісі қолынан өлгенін көрсетеді, оған бір топ адам шабуыл жасаған деп есептейміз", - дейді марқұмның ұлы Райымбек Мазан.

САУСАҚ ІЗДЕРІ МЕН БЕЙНЕЖАЗБАЛАР ДЕР КЕЗІНДЕ АЛЫНБАҒАН БА?

Сонымен қатар туыстарының айтуынша, сол қаралы кеште оқиға орнына келген сот-медициналық сарапшылар тобы өздерінің тікелей міндеттерін орындамай, заңды өрескел түрде бұза отырып жұмыс істеген. Қызметкерлер бақылау камераларындағы бейнежазбаларды тәркілеп алу, жиһаз бен қабырғалардағы саусақ іздерін және қан дақтарын алу сияқты тиісті шараларды атқармаған.

“Сол уақыт ішінде олар тек балконнан және ыдыстардан саусақ іздерін алды. Болды. Яғни, кіреберіс есіктен, әжетханадан, ванна бөлмесінен, заттары шашылып жатқан шкафтан саусақ іздерін ешкім алған жоқ. Еденде қалған қан тамшылары айқын көрсетіп тұрғандай, пәтерде адамдар болғаны анық. Бірақ ең таңғаларлығы, баспалдақ алаңында қан ізі барын көрсеткенімде, криминалистер “ол қан ескі, оны алудың қажеті жоқ” деп жауап берді.

О бастан-ақ бірнеше рет бұл туралы өтініш білдіргенімізге қарамастан, үй ауласындағы бейнекамера жазбаларын да тәркілемеді, әлі күнге дейін ол жазбалардың бар-жоғын білмейміз. Ал бейнекамерадағы жазбаның сақталу мерзімі 1 ай екенін бәрі біледі. Олар тап бір  уақытты әдейі созып, жазбалардың жойылып кеткенін күткен сияқты әсер қалдырды”, – дейді зардап шегушінің ұлы.

ПОЛИЦИЯ КҮДІКТІЛЕРДІ ӘЛІ ТАППАҒАН

Марқұмның отбасының адвокаты бұл істің қазіргі таңда белсенді түрде қаралып жатқанын нақтылады. Іс бойынша жаңа тергеуші тағайындалғаннан кейін, қылмыстың мән-жайы мен егжей-тегжейін анықтау үшін бірқатар сараптама жүргізу қажеттілігі белгіленген.

"Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыскерді жазалау ұстанымы тергеу нәтижесіне байланысты болады. Егер тергеу адам өлімі бір топ адамның қолымен жасалғанын және олардың қарақшылық шабуылға қатысы барын анықтаса, жәбірленуші тарап жазаның ең жоғары мерзімін, яғни 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрай алады", - деді адвокат Ринат Токушев.

Кісі өлімі болғанына 3 айға жуық уақыт өтсе де, полиция күдіктілерді әлі таппаған. Туыстарының айтуынша, қылмыскерлерді ізін суытпай ұстауға болатын еді, алайда тергеу органдарының салғырттығынан алғашқы минуттар мен сағаттардағы тиісті жұмыстар жүргізілмей қалған.

ӘКІМ ІСТІ ПД БАСШЫСЫНА БАҚЫЛАУҒА АЛУДЫ ТАПСЫРҒАН

Дегенмен жанашыр жандардың әлеуметтік желілерде резонанс туғызуы біраз нәтижеге қол жеткізуге көмектескен. Павлодар облысының әкімі Полиция департаментінің басшысына істі жеке бақылауға алуды тапсырған.

Сонымен қатар Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Juzmedia.kz сайтына уәкілетті органның адам өлтіру және ұрлық фактілері бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

“Оқиға болған жерді тексеру барысында жедел-тергеу тобы маңызы бар заттай айғақтарды тәркіледі, олар бойынша тиісті сараптамалар жүргізілді. Сонымен қатар сыртқы бейнебақылау камераларынан бейнежазбалар алынды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын объективті түрде тексеруге бағытталған қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде, оның ішінде облыстық полиция департаменті тарапынан қосымша тексерулер жүргізіліп жатыр. Тергеу ісі облыстық ПД басшысының тұрақты бақылауына алынды”, - делінген ПД хабарламасында.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.