homepage
instagram.com/01pk

Үйқамаққа алынды: Перизат Қайраттың анасы қайырымдылық ақшасын ұрлауға қалай көмектескен

04.04.2025, 11:03

Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваға қатысты алаяқтық іс бойынша тың деректер жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚТАН ЖИНАЛҒАН АҚША ҚАЙДА ЖҰМСАЛҒАН?

Ведомстводан хабарлағандай, екеуінің әрекеттері сарапталып, алаяқтықтың аса ірі көлемде жасалуына және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға күдікті деп танылды.

«Перизат Қайрат 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында халықтан ақша жинаған. Оның айтуынша, бұл қаражат мұқтаж балаларға, Палестина және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жұмсалмақ болған.

Тергеу амалдарының нәтижесіне сай, жалпы ұрланған қаржы көлемі 3,5 млрд теңгені құрады. П. Қайрат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына түскен қаражатты өз жеке және анасы Г. Алашбаеваның есепшоттарына аударып, кейін оларды зергерлік бұйымдарға, киім-кешекке, жиһаз бен саяхаттарға, жөндеу қызметтеріне, автокөлік жалдау және басқа да шығындарға жұмсаған», - деп атап өтті ҚМА өкіледрі.

ЖАЛҒАН КЕЛІСІМДЕР ЖАСАП, АҚШАНЫ АНАСЫНА АУДАРҒАН

Айта кетейік, 2024 жылы 1 сәуір мен 15 қараша аралығында П.Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚҚ-ның есепшотына 2,8 млрд теңге жиналып жымқырылғаны анықталды. Қылмыстық табысты жымқыру мақсатында ол 16 серіктес жеке кәсіпкерлермен металдан жасалған киіз үйлер, қайықтар, етіктер және басқа да заттарды жеткізу жөнінде жалған келісімдер жасасқан. Алайда бұл келісімдер іс жүзінде орындалмаған.

Нәтижесінде миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарына жұмсалған.Осы соманың 72 млн теңгесі оның анасы Ғ.Алашбаеваның есепшотына «Солтүстік Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға тұрмыстық техника сатып алу» деген сылтаумен аударылып, кейін ол П.Қайрат арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылды.

«Ақшаның бір бөлігіне сомасы 6,9 млн теңге құраған «Rolex» сағатын сатып алуға жұмсалған. Палестинаға көмек көрсету үшін жиналған қаражаттың бір бөлігі 2024 жылдың қаңтарында П.Қайрат «Rebel flowers» ЖШС-ін сатып алуға жұмсалған. Оның құны 23 млн теңге болса да, ол келісімшартта күдік туғызбау үшін 2 млн теңгеге төмендетілген соманы көрсеткен», - делінген хабарламада.

ГҮЛ БИЗНЕСІ ҚАЛАЙ “ГҮЛДЕГЕН”?

Гүл бизнесінен түскен табысы 69 млн теңгені құраған.

«Тергеу деректеріне сай, ұрланған қаражатқа 4 автокөлік, 4 пәтер, 2 автотұрақ орнын, үй, жер телімін және ғимарат сатып алынған. Сондай-ақ жалпы құны 158 млн теңге болатын зергерлік бұйымдар, аяқ киім және сөмкелер тәркіленді. Жалпы құны 865 млн теңгені құрайтын қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды.

Ғани Алашбаеваға қатысты үй қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.

ТЕРГЕУ АЯҚТАЛДЫ. ІС СОТҚА ҚАШАН ӨТЕДІ?

Еске салайық, кеше Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайратқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлаған болатын. Ол іс материалдары енді сотқа жіберілетінін айқан еді.

"Иә, Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық істің аяқталғанын растай аламын. Қазіргі уақытта процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Сонымен қатар естеріңізде болса, қылмыстық істі тергеу барысында әртүрлі көлемдегі шығын болғанын айта кету керек. Қазіргі уақытта біз 3 миллиард теңге көлеміндегі шығын көлеміне тоқталдық", - деді ҚМА төрағасы.

ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТ ІСІ

2024 жылдың қарашасында «BizBirgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгені ұрлағаны үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.

Көп ұзамай ол сондай-ақ палестиналықтарға көмектесу үшін жиналған 200 миллион теңгені ұрлады деген күдікке ілікті.

Көп ұзамай Перизат Қайраттың пара-үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылғаны белгілі болды.

Кейінірек ҚМА заңсыз әрекеттің тағы бір эпизоды анықталғанын хабарлады. Ал содан кейін Перизат Қайраттың тергеу аясында 2 айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Ал ақпан айының соңында Қайратқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. ҚМА оның мүгедек балаларды оңалту орталығының құрылысына қаражат жинаймыз деген желеумен қайырымдылық аукционын ұйымдастырғанын хабарлады. Іс-шараға сенімін арттыру үшін мүмкіндігі шектеулі балалар тартылған.

Наурызда «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры таратылып жатқаны белгілі болды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.