homepage
Фото: Pexels

Оқушы қызды жезөкшелікке жеккен: Қызылордада тағы 9 адамға сот үкімі шықты

03.04.2025, 15:20

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушы қызды сексуалдық құлдықта ұстаған 9 адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

СОТТАЛУШЫЛАР КІНӘСІ ҚАЛАЙ ДӘЛЕЛДЕНГЕН?

Сотталушылардың кейбіреуі кәмелетке толмағандықтан ҚПК-нің 29-бабының талаптарына сәйкес жабық режимде өткен сот барысында адамдар тобына, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты ҚР ҚК 194-бабы (ірі мөлшерде пайда табу мақсатында қорқытып алушылық), 110-бабы (көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау), 134-бабы (кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша қылмыстық іс қаралды.

“Сотталушылардың кінәсі оқиға орнын, заттар мен құжаттарды қарау хаттамаларымен, бейнежазбалармен, "WhatsApp" арқылы хат-хабарлармен, карточкалық шоттардың банктік үзінділерімен, сараптама нәтижелерімен, сондай-ақ жәбірленушінің жауабымен дәлелденген”, – делінген сот хабарламасында.

АЙЫПТАУШЫ ТАРАП ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ БОЛДЫ?

Прокурор сотталушылар М.Н., А.Ж., Қ.Д.-ны кінәлі деп тауып, оларды: - 6 (алты) жыл 8 (сегіз) ай мерзімге бас бостандығынан айыруды;

  • Б.А.– 4 (төрт) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан айыруды;
  • Т.Ұ. және Қ.А.– 4 (төрт) жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды;
  • Т.А., Б.А. и Т.Д.– 8 (сегіз) жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

СОТТАЛУШЫЛАР ӨЗ ІСІНЕ ӨКІНДІ МЕ?

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде М.Н., А.Ж., Қ.Д., Б.А.-ның кәмелет жасына толмағанын, сонымен бірге, сотталушылар Т.Ұ. және Қ.А.-ның жасаған істеріне шын жүректен өкінетінін айтты.

Айыптау актісіне сәйкес, сотпен ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

ҚК-нің 55-бабына сәйкес, жеңілдететін мән-жайлар бар және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-нің бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3-нен аспауы тиіс.

СОТ ШЕШІМІ

Сот үкімімен үш адам, яғни кәмелетке толмаған М.Н., А.Ж., Қ.Д. Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі, 1),2)-тармақтары, ҚК-нің 194-бабы 3-тармағы 2)-тармақшасы, ҚК-нің 110-бабы 2-тармағы 1)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша оларға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар тағайындалды.

Бір адам, яғни сотталушы Б.А. Қылмыстық кодекстің 194-бабы 2-бөлігін 2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы екі адам, яғни сотталушылар Т.Ұ. және Қ.А. ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 194-бабы, 2-бөлігі 1),2)-тармақшасы бойынша кінәлі деп танылып, оларға 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тағы үш адам, яғни сотталушылар Т.А., Б.А. және Т.Д. ҚК-нің 134-бабы 3-бөлігі 1)-тармағы және ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша олардың әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

БҰҒАН ДЕЙІН ШЫҚҚАН СОТ ҮКІМДЕРІ

Аталған дерекке қатысты бұған дейін бірнеше мәрте сот үкімі шыққан болатын. Атап айтқанда:

2024 жылдың 11 қарашасында Қызылордада кәмелетке толмаған адамды сексуалдық құлдыққа мәжбүрдеу ісі бойынша 21 жастағы жігітке алғашқы сот үкімі шықты. Ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

13 желтоқсанда сотта қызды жезөкшелікке азғырып, бірнеше адамды алдаған деген айып тағылған 21 жастағы жігітке қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

24 желтоқсанда сот медиациямен айналысқан әйелге қатысты үкім шығарды. Ол 4,5 жыл түрмеде отыратын болды.

26 желтоқсанда Қызылордада кәмелетке толмаған қызды сексуалдық құлдыққа салған іс бойынша төртінші сот үкімі шықты. Сотталушы оқушы қызды бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сот оны 4 жылға бас бостандығынан айырды.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылдың тамыз айының басында әлеуметтік желілерде 16 жастағы қыздың жыныстық құлдыққа түскені туралы ақпарат пайда болды.

Қыздың анасы оған дейін қызының сыныптастары мен олардың туыстары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеген.

Күдіктілер бойжеткенді есірткі тұтынуға мәжбүрлеп, одан ақша бопсалаған, сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, қорлық көрсеткен.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, іс бойынша барлығы 13 адам қылмыстық жауапқа тартылып, айыпталушылар орындығына отырған.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.