homepage
Коллаж: juzmedia.kz

Әуежайдағы экшн, су тасқыны және Ораза: наурызда елімізде қандай оқиғалар болды

02.04.2025, 19:25

2025 жылдың наурызында болған әуежайдағы тосын оқиға, өңірлердегі ауылдарды су басуы, уақыт белдеуін ауыстыруды сұрап ұйқысы қанбаған халық, осының бәрі Қазақстанды кәдімгі блокбастерге айналдырып жіберді деуге болады.

Наурыз тек табиғатты емес, шенеуніктердің жүйесін, қарапайым халықтың сабырын да сынады. Шенділер үшін бұл ай – өзара мақтау мен медаль таратудың науқанына айналғандай. Көрініп тұрған бір нәрсе – билік бір бөлек, бұқара бір бөлек өмір сүріп жатыр.

Олай болса, шындыққа тура қарайық. Бұл жолғы наурыз несімен есте қалды? Нені өзгертті? Нені көрсетті? Juzmedia.kz шолу жасап көрді.

АЛМАТЫ ӘУЕЖАЙЫНДАҒЫ "ЭКШН"

Бұл оқиға голливудтық сценарийлердің өзін жолда қалдырады. 7 наурыз күні Алматы әуежайында 67 жастағы ер адам кенеттен пышақ алып шығып, әуежай қызметкерін кепілге алды. Көргендердің жүрегі аузына тығылды, ал полициямыз болса... Көркем фильм қарап отырғандай, ешкім қозғалуға асықпады. Бірақ нағыз экшн кейіпкері осындай сәтте сахнаға шығады ғой! Мұса Әбдірайым есімді азамат әйелді құтқармақ болып, өзін кепілге ұсынды. Осыдан соң ол пышақты жалаң қолмен жұлып алып, қаскүнемді жерге алып ұрды. Ал ел Президенті оны батылдығы үшін арнайы медальмен марапаттады.

Қылмыскер 2 айға қамауға алынды, 3 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Дегенмен, "мұндай қауіпсіздікпен қалай өмір сүрмекпіз?" деген сұрақ бәрібір көкейде қалады. Әуежайдағы полиция — әуесқойлар үйірмесінен ме, әлде форманы тек сән үшін кие ме? Әлеуметтік желідегілердің бір парасы бұл оқиғаны жақсылық, батырлық деп бағаласа, кей сарапшылар мұндай оқиғаға халықтың неліктен сенбейтінін талқылады.

СУ ЖАЙЛАҒАН КӨКТЕМ

Көктем келсе болды – су тасқыны тақырыбына ораламыз. Биыл да бұл дәстүр бұзылмады: Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай өңірлері судың астында қалды. Ал билік не дейді? «Біз мұндайды күтпедік!» дейді, әрине. Наурыз бен сәуірде қар еріп, су таситыны  – аяқ астынан болатын төтенше жағдай еместігі белгілі емес пе? Ақмола, Қарағанды, Абай, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары  "кезекте тұр". Инфрақұрылымға ақша құю қиын болғанымен, халыққа «шыдаңдар» деп айту – оңай. Былтыр Құлсарыны су алғанда халық үй үйді қайықпен аралаған-ды. Су кетеді, мәселе қалады.

ЖАҢА АГЕНТТІК

Наурызда тағы бір "аса маңызды" жаңалық белгілі болды. Қазақстанда Атом энергиясы агенттігі құрылды. Басшысы – бұрынғы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев. Бюджеттен тағы да қаражат, жаңа штат, жаңа кеңсе бөлінді... Не үшін, неге дәл қазір – ол жағы анық емес. Өйткені билік ешуақытта қандай да бір шешімін, оның маңызын түсіндіруді, санасуды қажет деп таппаған. Ақорда таратқан ақпаратта жаңа агенттік уран өндіру, атом энергиясын пайдалану, радиациялық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады, оған қоса Семей ядролық қауіпсіздік аймағының дамуына жауапты болады деп жазылған.

Агенттік құрылды – ал халықтың пікірі мен қауіпсіздігі ескерілді ме?!

ҰЙҚЫСЫ ҚАШҚАН ХАЛЫҚ

Ал уақыт белдеуіне қатысты дауға келсек – бұл шын мәнінде қалың бұқараның жүйкесін тоздырды. 60% халық қарсы болса да, "арнайы зерттеулер" бірыңғай уақытты қолдайды екен. Себебі, мемлекет басқару мен бизнеске "ыңғайлы" көрінеді. Ал қарапайым халық үшін бұл – ұйқысыз таңдар мен шаршаңқы күндер. Билік тағы да "біздікі дұрыс" деп, үнсіз қалуды жөн көрді. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бұған қатысты Тоқаев жағдайды «саясиландырудың қажеті жоқ» деп тыйып тастады.

«Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ. Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», - Президент.

6 ЖЫЛ – НӘТИЖЕ ҚАЙДА?

Биыл Президент Тоқаевтың билікке келгеніне 6 жыл толды. Бірақ халықтың басым бөлігі жақсарған ештеңе жоқ деп отыр. Керісінше, инфляция шарықтап, баға аспандап, салық пен айыппұл көбейіп кетті. "Жаңа Қазақстан" қайда қалды? Үкімет болса, өз-өзін мақтап, қол соғып әлек. Премьер-министр Бектенов Президенттің "жетістіктерін" мақтаған мақала жариялап, Парламент қошеметтеп отыр.

«Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті», - делінген мақалада.

Ал қарапайым халық ше? Сол баяғы күй – күнкөріске жетпейтін жалақы, өзгермеген өмір сапасы. Билік пен халықтың арасы алшақтап кеткен жоқ па осы? Сіз не дейсіз?

НАУРЫЗ VS ОРАЗА – КІМ ЖЕҢДІ?

Биылғы Наурыз да дау-дамайсыз өтпеді. Ораза айымен тұспа-тұс келген ұлттық мейрамды қалай тойлау керек деген сұрақ төңірегінде пікірталас қызды. Ауыз бекіткендер тойламаймыз деп «ақырды». Ұлттық мереке атаусыз қалмауға тиіс деп, ақыры – "тойлансын!" деген шешім қабылданды.

Бірақ "тойдың болғанынан боладысы қызық» деген. Жамбыл облысында Қызылшаруа ауылында Наурыз мейрамын тамашалауға келген халықты үркіген асау жылқы таптап кете жаздады. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Ал Ақтауда бірден рекорд қойылып, 5000 адам ұлттық киім киіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

МАШКЕВИЧСІЗ ДӘУІР

22 наурызда Қазақстанның ірі кәсіпкерлерінің бірі, Eurasian Resources Group-тің негізін қалаушы Александр Машкевич дүниеден өтті. 72 жастағы кәсіпкердің өлімі – елдегі бизнес-ландшафт үшін үлкен бетбұрыс. Енді оның орнын кім басады, бұл қандай өзгерістерге алып келеді – уақыт көрсетеді.

Александр Машкевич 27 жасында филология ғылымдарының кандидаты атағын алып, сол кездегі Кеңес Одағындағы ең жас ғылым кандидаттарының бірі болды. Ең қызығы, ол Еврейлер конгресінің президенті ретінде еврей қауымдастығының дамуына елеулі үлес қосты және халықаралық деңгейде танылды. 2016 жылы Forbes журналы оның байлығын 1,5 миллиард доллар деп бағалап, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосты.

Сонымен, наурыз айы аяқталды. Баяғы жартас — сол жартас. Жаңа агенттіктер ашылып, ескі мәселелер шешілмей, батырлар марапатталып, батпан құйрық уәделер ұмытылып жатыр.

Уақыт белдеуі ауысып, елдің ұйқысы бұзылып жатса да, шенеуніктердің ұйқысы тыныш сияқты. Инфляция шарықтап, азық-түлік бағасы көктем гүліндей қаулап өсіп жатыр.

Бірақ бір нәрсе анық: халық үндемей қалса да, бәрін байқап отыр.

Келесі айдан не күтетініміз белгісіз, бірақ бір нәрсе – Juzmedia-да жүздесіп, шолу жасайтынымыз анық.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.