homepage
Фото әлеуметтік желіден

Туға арабша жазу жазған: депутат бассыздықты ұйымдастырғандарды жазалауды талап етті

02.04.2025, 16:38

«Ұлтымыздың қастерлі мұраларына, мыңдаған жылдық салт-дәстүрлерімізге шабуыл толастамай тұр». Осылай деген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа жолдаған сауалында халқымыздың домбыра, сәукеле, киіз үй сияқты ғарылар бойы сақталып келген мәдіние мұраларына, одан қалса, елдігіміздің символына айналған Мемлекеттік туға жасалып жатқан шабуылдар жиілей бастағанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«ЕҢ СОРАҚЫСЫ – КӨК ТУЫМЫЗДЫ ҚОРЛАУШЫЛАР БОЙ КӨРСЕТТІ...»

Былтыр жат діни ағымның жетегінде кеткен біреулер “Домбыра – харам” деп, қазақтың ең құнды музыкалық аспабын іске алғысыз еткісі келсе, тағы бір елірген тобыр басына сәукеле киіп, көшпенді халықтық ғасырлар бойғы баспанасы – киіз үй ішінде жартылай жалаңаштанып, жынойнақ бимен ұлттық қоғамның ашуын туғызған болатын.

Депутаттың айтуынша, ең сорақысы – мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – көк Туымызды қорлаушылар бой көрсетті.

«Жуырда ғана Атырауда болған оғаш оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, азаматтардың ашу-ызасын тудырып отыр. Бет-ауызын тұмшалап, қара жамылған төрт әйел мұз айдынында өткен спорттық жарыс кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын ұстап түскен сурет әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кетті. Олардың қолындағы мемлекеттік тудың бетіне араб жазуы мен араби қылыштың сұлба-суреті салынған. Мұнда біздің назарымызды аударған – көк тудағы араб қарпіндегі жазудың өте сапалы түрде, арнайы баспа құралымен таңбалануы. Демек, бұл – жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес. Бұл – біздің қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық», - деп атап өтті депутат.

«ТӨРТ ҚЫЗДЫҢ АРТЫНДА АРАНДАТУШЫ ТОП ТҚРУЫ МҮМКІН...»

Ермұрат Бапи мұндай заңбұзушылық қатаң әрі мүлтіксіз жазалануы тиіс екенін айтты.

«Елдің туын бүлдіру арқылы жат пиғылды дәріптемек болған бұл төрт қыз әлдебір арандатушы топтың құрбаны болуы мүмкін. Олар жастық алаңғасырлықпен, әлде материалдық қызығушылықпен немесе діни сауатсыздықпен жасаған бұл өрескел заңбұзушылықтың тасасында тұрған әлдебір кереғар күштер бар сияқты», - деді Е. Бапи.

Осылай деген депутат әкімшілік тұрғыдағы жазасын алған төрт қыздан бұрын, осы қылмысты әрекетті ұйымдастырушылар жазаға тартылуы тиіс екеніне тоқталды.

Депутат атағандай, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 372-бабында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

«ТҮР-ТҮСІ БҰРМАЛАНҒАН ҚАЗАҚСТАН ТУЫ ЕРКІН САТЫЛЫП ЖАТЫР»

Тағы бір алаңдаушылық тудыратын жағдай – осындай түр-түсі бұрмаланған Қазақстан туы Wildberries Russ маркетплейсінде 5000 мың теңгеден еркін және ашық саудада сатылып жатыр.

«Бұл не сұмдық?! Бұған кім жол беріп отыр? Сөз жоқ, ел Конституциясы бойынша, біз зайырлы мемлекетпіз, онда дін мемлекеттік саясаттан тыс деп жазылған. Қазақстан – әрбір азаматтың діни сенім бостандығы сақталған ел. Бірақ біздің ұлттық құндылықтарымыз, халық бірлігі мен мәдени мұрамыз заңмен қорғалады. Дегенмен әлдебір теріс ағымдық іс-әрекеттер біздің ұйысқан бірлігімізге қол сұғатын болса, біз мұндай мәселені мемлекеттік саясаттан ажыратып қарай алмаймыз. Сондықтан қоғамда заңды түрде алаңдаушылық тудырған бұл бассыздыққа тиісті баға берілуі керек», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл – жеке біреулердің діни көзқарасын білдіруі емес, қоғам тұрақтылығын, мемлекеттік тұтастықты бұзуға бағытталған нақақтан-нақақ жасалған арандату.

«Бұны ежелден қалыптасқан діни бірлік пен қоғамға жарқышақ салудың қаскөй әрекеті деп бағалау керек! Сонымен қатар, бұл оқиғаның арандатушылық мазмұны мен мемлекеттік тудың бетінде қолданылған символиканың сипаты – оның алдын ала жоспарланғанын, әлдебір топтың нақақ ұйымдастырғанын көрсетеді. Бұған кім тапсырыс берді? Ұйымдастырушылардың мақсаты қандай? Бұл сұрақтарға құқық қорғау органдары нақты жауап беруі тиіс!» - деді депутат.

Депутат мұндай арандатушылықтың қайталануына жол бермес үшін тергеу-тексеру шарасы жан-жақты жүргізілуі қажет деді.

ДЕПУТАТ ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАУДЫ ҰСЫНДЫ?

  • Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық қорғау органдары орын алған жағдайды жіті тексеріп, арандатушылыққа алданған төрт әйелдің артында тұрған күштерді, жалған туды дайындаушыларды, оны таратушыларды анықтап, мұндай қастандықтың жолын кесу үшін, ұйымдастырушыларға қатаң жаза қолдануы тиіс.
  • Бекітілген стандартқа сәйкес келмейтін, ресми сипаты бұрмаланған мемлекеттік рәмізді сатуға шығарған сауда орындарының басшылығын жауапқа тарту керек. Сатылып кеткен туларды жинап алып, жою қажет. Сондай-ақ, тиісті заңнамаға мемлекеттілігімізді мансұқтайтын, қоғамды жікке бөлуді көздейтін тауарлар сатқан жекелеген маркетплейстерге қарсы санкция салуды көздейтін түзетулер әзірлеп, оны заң нормасына енгізу керек.
  • Мемлекет радикалды ағымдардың өрескел әрекеттеріне бақылауды күшейтіп, діни құндылықтарды бұрмалауға қарсы шараларды қатаңдату қажет. Ұлттық бірегейлікті қорғаудың жүйелі және жалпыға ортақ саясатын қалыптастыратын уақыт жетті.
  • Зайырлы білім беру жүйесін нығайтуды, орта мектептердегі дінтану сабақтарын ұлттық мұралар негізінде жүргізу бағдарламасы дайындалуы керек.
  • Тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық мәдениетті дамыту, дәстүрлі киім кию бастамаларын қолдау және жастар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.