homepage
odkb-csto.org

ҰҚШҰ, соғыс және күйініш: Тасмағамбетов өзін «ресейшіл сатқын» деп айыптағандарға жауап берді

30.03.2025, 06:58

ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеме жасап, әлеуметтік желілердегі өз атына жиі айтылатын «ресейшіл сатқын» деген айыптауларға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Juzmedia

«СОТҚА ЖҮГІНІП, ЕСЕМДІ ЕШКІМГЕ АРТПАДЫМ...»

Өз атына қаралаған сөздерді үйіп-төгіп, «орысшыл» деп кінәлдағандарға алғаш рет ашық мәлімдеме арқылы жауап берген Иманғали Нұрғалиұлы халқына базынасын былай деп жеткізді.     

«Қадірменді ағайын! Менің өмір жолымды қалың қазақ біледі ғой деп ойлаймын. Егемен мемлкет болғалы ел иглігіне аз да болса өз үлесімді қостым. Әрине, «ауыр жол атыңды сынайды, қиын іс адамды сынайды» деген. Осы жолда талай сый да, сын да болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жалған жала жауып, бос айыптағандар да болды. Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім, сотқа жүгініп, есемді ешкімге артпадым. Өйткені атам қазақ айтпақшы, «ақтың отын ақымақ өшіре алмайды», - деді Иманғали Тасмағамбетов желіде жариялаған бейнежазбасында.

Ол «қашанда әр мәселесінің әділін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйенетінін атап өтті.

«Десе де, өтірігі шындай, шыны Құдай ұрғандай болған әлеуметтік желіге сенген кей адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр екенін, жағадан алып жаныштауға құмар екенін айтты. Сондықтан да азды-көп абырой-атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім», - дейді И. Тасмағамбетов.  

«ЕЛІМНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН ОТҚА, МҮДДЕСІ ҮШІН СУҒА ТҮСКЕНІМ ҮШІН БЕ?»

Саясаткер әрбір тасы қазақтың иісі аңқыған Атырауда туып, түшкірсе де баба дәстүрі деп түшкірген атасының тәрбиесін, көз ашқаннан қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, анасының тәлімін алып өскен қазақ екенін баса айта келе, Шыңғыс Айтматовтың «жеті атасына тамыр жібермеген адам жетесіз, оны білмеген жерден әдепсіз қылық пен арам істен жиіркенбеуі басталады» деген сөзінен мысал келтіріп өтті.

«Мен қарапайым да қатал елдік философияны үлкендердің аузынан көп естіп, шыққан тегін, барар жерін, жақын мен жатты айырып өскендердің қатарынанмын. Ал енді бүгін ше? Туған жеріне салмағы жоқ, же айдаған дәнсіз қауыз сияқты кейбір бақытсыз жандар үшін мен «ресейшіл сатқын» екенмін. Сонда қалай? Келісім-сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздігі үшін отқа, мүддесі үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын. «Адамнан надан артпас ұққанменен, бағдыр көрмей қоймайды бұққанменен» дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да, қадіріңді білмегендердің алдында есеңді түсірме дейді. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл», - деп саясаткер күйінішін жеткізді.

«БҰЛ СОҒЫСТА ЖЕҢІМПАЗ БОЛМАЙДЫ, БӘРІ ДЕ ЖЕҢІЛЕДІ»

Иманғали Тасмағамбетов қолыма қару алып, оқ атпаса да, жауынгершілік заманның зардабын, соғыс атаулының зар-заңын жақсы білетінін, жастайынан сезетін жандардың бірі екенін, өйткені әкесінің екі ағасы Ұлы Отан соғысында қаза болғанын атап өтті.

«Қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен айырылмай тұр, бұл соғыста жеңімпаз болмайды, бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу нағыз қаныпезерлік болар еді. Осы орайда атамның бір әңгімесі еске түседі. Өткен ғасырлар болса керек. Барымта жасаған қазақтың 5-6 жігітін жергілікті отарлық үкім шығарып, итжеккенге айдағалы жатыр екенн. Сонда елдің ішінен бір ақсақал көзінен парша-парша жас ағып жылап тұр екен. Сонда жанындағылар: «Әй, ақсақал, неге жылайсыз, ұры жазасын алды, әділ емес пе?» деп сұраса, ақсақал «Мен бұл бейбақтардың басы емес, әрқайсының белінде он-оннан кеткен баласы үшін жылап тұрмын» деген екн. Осыдан кейін «өз қазағын соғысқа тартып жатыр» деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың?», - дейді саясаткер.

АҚЫЛДЫ САҚТАЙТЫН МІНЕЗ ДЕГЕН САУЫТ БАР

Оның айтуынша, тұтас ойдан оймақтай сөзд жұлып алып, жаранға жар салатындар болған, бола да береді.

«Өз тарапымнан халқыма айтарым. Ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық. Ал ақылды сақтайтын мінез деген сауыт бар. Сол мінез бұзылмасын.  Әрине, әлеуметтік желіде отырып, мән-жайды анықтамастан, жалған тарату өте оңай. Қиыны – ар алдындағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, арлы адам – ең күшті адам, өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойын ұсынбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, бірақ өкінішті болуы мүмкін емес. Менің де өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын, ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік еш нәрсе болған емес. Бүгінде елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетістігі мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті», - дейді саясаткер.

Иманғали Тасмағамбетов еліміздің сенімінен шығу жолында мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап жүргізудің маңызы өте зор екенін, оған қоса, мұндай мәртебелі міндеттің үдесінен шығуда халқымыздың рухани қолдауы қашанда қымбат екенін айтты.

«Сөз соңында , ардақты ағайын, Ораза айт құтты болсын. Ұстаған оразаларыңыз, ізгі тілеутеріңіз қабыл болсын, еліміз аман болсын!» - деді Тасмағамбетов.