“Фейсбук киногерлер мен министрдің арасындағы коммуникация құралына айналды. Алдыңғы министрлер бетпе-бет кездесуден тайынбай, киногерлермен жиналыс жасап, мәселені шешіп тұратын еді. Енді одан да қалдық. Бұдан қорытынды-министр Балаеваның киногерлермен кездесуге не батылы, не біліктілігі жетпейді”. Осылай деген белгілі режиссер, продюсер, Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының төрағасы Адай Әбілдинов Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қоғамда қызу талқыланып жатқан “Қазақфильм” болашағына қатысты ресми мәлімдемесін сынға алды, деп хабарлайды Juzmedia.
“ҚАЗАҚФИЛЬМ” ЖЕРІНІҢ САТЫЛМАЙТЫНЫНА КІМ КЕПІЛ?”
“Мәлімдемеде “Қазақфильмге” тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді” делінген. Саналы қоғам биліктің уәдесіне сенуден қалған. Осындай уәделердің арқасында “Қазақфильм” қанша жері мен ғимаратынан айырылғанын жақсы білеміз. Бұның қайталанбасына кім кепіл?
Осы мәлімдемені қаперге ала отыра, “Қазақстан киногерлер Одағы” Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясының жері мен мүлкінің сатылмауын ерекше назарында ұстайтынын мәлімдейді. “Қазақфильм”, ойына келгенін жасайтындай, ешкімнің жеке меншігі емес», - деп жазды Адай Әбілдинов Facebook-парақшасында.
Ол түбегейлі мәселелерге келгенде, қазақ киногерлер қауымымен ақылдаса шешім қабылдауды талап ететінін айтты.
“КЕЙІНГІ БЕС ЖЫЛДА ЕЛІМІЗДЕ САПАЛЫ АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМ ТҮСІРІЛГЕН ЖОҚ”
Режиссер министр Аида Балаеваның мәлімдемесін негізсіз деп атай отырып, оны жуырда “Қазақфильмнің” уақытша басшысы Айдар Омаровтан естігенін айтады.
“Дәл осы тұжырымды бүгін министр Балаева қайталап отыр. Балаеваның бұл сөзіне қандай негіз бар? Қандай зерттеулер жасалды? Біз министрдің бұл мәлімдемесін, ұлттық анимация өкілдерінің қажырлы еңбегін қорлау деп бағалаймыз. Соңғы бес жылда қазақ анимациясы бір төбе биікке көтерілді. Атап айтсақ, режиссер Маржан Жұбаныштың “Шаңырақтың иесін іздеймін” мультфильмі, Ділшат Рахматуллиннің “Бесік жыры” анимациялық фильмдері беделді халықаралық фестивальдердің жеңімпазы атанды. Министрге бұл ақпарат жетпеген сияқты”, - деп тоқталады Адай Әбілдинов.
“ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫНА ТҮСІРІЛГЕН ФИЛЬМДЕРДІ КӨРСЕТУГЕ ТАЛПЫНБАЙ ОТЫР…”
“Қазақанимация” үш жылда 50-ге жуық анимациялық фильм жарыққа шығарды. Олардың меншіктік құқығы “Қазақфильм” мен Мәдениет және ақпарат министрлігінде. Халықтың қаржысына түсірілген фильмдерді, министрлік халыққа көрсетуге бір талпынған жоқ. Керісінше, жасырып бағуда. “Balapan” арнасы “көрсетеміз” десе, министірлік “сатамыз” дейді. Өздеріңе өздерің сатасыңдар ма? Халық пен депутаттар “қазақша мультфильмдер қайда?” дейді. Бұл сұрақты авторларға емес, құқық иесі, яғни, министрлікке қойыңыздар», - деп жазды режиссер.
Оның айтуынша, халықтың сүйікті туындысы “Мұзбалақ” фильмі YouTube порталында 10 млн-нан аса қаралым жинады. Ғаламторда фильмнің фанбазасы қалыптасты. Саундтрек әндері мектептерде орындалуда.
«Жуырда “Қазақфильм” басшылығы оны да құртты. YouTube арнасындағы фильмді бұғаттап тастады. Мүмкін министрге сапасы ұнамаған шығар? Бұны қастандық демеске бола ма?», - деп сауал тастады А. Әбілдинов.
АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР НЕГЕ ЖАРЫҚҚА ШЫҚПАЙ ҚАЛҒАН?
Режиссер “Алтын Адам” фильмі бөлек әңгіме екенін атап өтті.
«Аниматорларды бір жыл жалақысыз қанап, ақыры митингке шығуына түрткі болған да осы “Қазақфильм” басшылығы. Аниматорлар ереуілге шыққаннан кейін ғана мәселелер шешілді. “Қазақфильм” мен министрлік оны да шығармай отыр. Фильм қайда? Прокат қайда? Көрермен қайда? Күндіз-түні сарқылып, төрт айда жасалған “Тоқаш пен Бақаш” сериалын бүлдіршіндер неге көрмейді? Мүмкін анимацияның сапасына министрдің көңілі толмайтын шығар? Жоқ. Басты себеп, министрліктің қазақ тіліндегі анимациялық контентті көрсетуге қарсылығында», деді режиссер.
Оның айтуынша, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 5 жылдың ішінде, құны 1 млрд астам, анимациялық фильмді қаржыландырды.
«Бір де бір фильм экранға шыққан жоқ. Оның сұрауы қайда? Министр Балаеваның анимациялық фильмдердің сапасына баға бергенше, алдымен басқарып отырған министрліктің жұмысының сапасына баға бергені жөн болар», - деп жазды А. Әбілдинов.
АИДА БАЛАЕВА ҚАНДАЙ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАП ЕДІ?
Соңғы уақытта "Қазақфильм" киностудиясы қоғамда қызу талқыланып, түрлі қауесеттер мен болжамдар айтылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы мәселелерге қатысты ресми түсініктеме берген болатын.
Министрдің айтуынша, студияға тиесілі жерлер ешкімге сатылмайды және тек киноөндіріс мүддесіне пайдаланылады. Ол бұл тақырыптағы қауесеттерді тоқтатуға шақырды.
«Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда. Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы. Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде», - деп мәлімдеді министр Facebook-парақшасында.
Балаева киностудияны Астанаға көшіру туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Тек «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін елордаға орналастыру қарастырылып жатыр, бірақ бұл өндірістік база емес, тек анимациялық жобаларға тапсырыс беретін құрылым.
Министрдің мәліметінше, елімізде түсірілетін фильмдерге бөлінетін қаржының кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бағытталатын болады. Бұл киностудияның қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда», - деді А. Балаева.
Оның айтуынша, киностудия қазақстандық киноны әлемдік нарыққа шығару үшін халықаралық серіктестермен бірлесіп бірқатар фильм түсіруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Қазақфильм» соңғы 15 жылда алғаш рет жөндеу жұмыстарына кірісті.
Аида Балаева студияны кәсіби кинематографистер емес, тиімді басқаруды білетін мықты менеджер басқаратынын айтты. Министрлік киностудияның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.