Ыстанбұл мэрі Экрем Имамоглу қамауға алынғаннан кейін басталған наразылық шерулері университеттерде бойкотқа ұласуда, деп хабарлайды Juzmedia сайты.
Түркияда бір апта бұрын басталған наразылық шерулері жалғасып жатыр. Елдің бірнеше университетінің студенттері сабаққа қатысудан бас тартып, білім ордаларының ғимараттарына “Сабақ болмайды, бойкот жарияланды”, “Бұл бөлімде бойкот бар” деген жазулар қалдырған.
Анкара, Ыстанбұл, Измир және Бурса сияқты үлкен қалалардағы жоғары оқу орындарының студенттері биліктен әділдік пен демократиялық құндылықтарды сақтауды талап етуде. Бұл мақсатта олар күнделікті қала көшелерінде, университет аумағында наразылық шеруін жалғастырып жатыр. Алайда университеттердегі бойкот үндеуін қолдаған білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына қатысты тергеу басталды.
Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая митингіге қатысқан 1418 адамның қамауға алынғанын хабарлады. Ол «Х» әлеуметтік желісіндегі жазбасында:
«Қазір 979 күдікті қамауда, бүгін 478 адам сот органдарына жеткізілмек. Көшеде үрей туғызып, ұлттық-адамгершілік құндылықтарымызға және полициямызға қол сұғуға әрекеттенгендерге ешқашан жеңілдік болмайды», - деді.
Фото: @X/Polituk
Ал Президент Ердоған негізгі оппозициялық партияның Имамоглуға қатысты наразылықтар барысында келтірілген залал үшін саяси және заңды жауапкершілікке тартылатынын айтты:
«Жарақат алған полиция қызметкерлері мен бұзақылардың шабуылдарынан мемлекет мүлкіне миллиардтаған лира көлемінде зиян келді. Бұған жалғыз жауапты халықты көшеге шығуға шақырған негізгі оппозициялық партияның басшысы мен оның серіктестері», - деп мәлімдеді.
Айта кетейік, Экрем Имамоглу 19 наурыз күні «сыбайлас жемқорлық» және «терроризмге көмектесу» айыптары бойынша ұсталған. Ал 23 наурызда сот Ыстанбұл мэрін қамауға алу туралы шешім шығарды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.