Бүгін Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушы қыздың зорлануы бойынша колледж студентіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Juzmedia.
СОТТА НЕ АНЫҚТАЛДЫ?
Қылмыстық кодекстің екі бабы, яғни «Кәмелетке толмаған баланы зорлау» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша айыпталған 17 жастағы жасөспірімге қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.
“ҚР ҚК 120-бабының 4-бөлігінде, 121-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын”, - деп үкімді оқыды мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сот судьясы Нұрлан Қайырбеков.
Сондай-ақ сотталушыға екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналыуына тыйым салынды.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жауапкердің кәмелетке толмағанын және ІІ топтағы мүгедек екенін ескерді.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 2024 жылы Павлодар облысында 12 жастағы жасөспірім қыз перинаталды орталықта қыз баланы дүниеге әкелген болатын.
Белгілі болғандай, баланың әкесі – 17 жасөспірім, яғни колледжің бірінші курс студенті болып шыққан. Ол зорлық көрген қыздың жақын туысы болып келеді. Екі отбасы да Моңғолиядан көшіп келген және Шарбақты ауданындағы ауылдардың бірінде тұрған. Бозбала 2024 жылдың сәуірінде қамауға алынды.
Ал қыз баланың көпбалалы әрі аз қамтылған отбасынан шыққаны анықталды.
Оқиғадан кейін қыздың отбасы басқа елдімекенге көшірілген. Жергілікті әкімдік оларға жеке жалдамалы үй берген.
ОБЛЫСТЫҚ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ НЕ ДЕДІ?
Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкілі Сәуле Шәкенева сот үкімін әділ деп санайтынын атап өтті.
Оның айтуынша, жас ана мен қызы қазіргі таңда өздерін жақсы сезінеді.
"Өкінішке қарай, көбінесе сексуалдық сипаттағы қылмыстар туыстарының немесе үйге келген адамдардың жақын ортасында жасалады. Бұл атышулы оқиға бүгінгі таңдағы қайғылы статистиканы растап отыр. Бұл жердегі сотталушы жәбірленушінің отбасының қандас туысы болып келеді", - деді С. Шәкенева.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.