Ақтөбеде полиция қызметкері қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда қызметтік қарудан оқ атып жіберген. Жарақат алған адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жазатайым оқиға 25 наурызға қараған түні болған.
«Оқ ату салдарынан полиция қызметкерінің танысы жарақат алды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 371-бабы ("Салғырттық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады ПД өкілдері.
Полиция қызметкері қызметтік міндетінен уақытша шеттетілді, ал тергеу барысы облыстық Полиция департаментінің бақылауына алынды.
ОҚ ЖАРАҚАТЫН АЛҒАН АДАМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жәбірленушінің жағдайы тұрақты, ол ауруханада ем алып жатыр.
"Науқас 25 наурызда оқ жарақатымен түсті. Оған алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді", – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.