Танымал блогер Өркен Кенжебек «Айқап» подкастының кезекті шығарылымында 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларына қатысты мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Juzmedia.
Подкаст барысында Өркен Кенжебек сол кезеңде өзі жұмыс істеген «Халық сөзі» газетінде әріптестерімен бірге оқиғаға қатысты бірнеше мақала жариялағанын еске алды. Оның айтуынша, оқиғаларға құқықтық саладағы арандатушылық себеп болған болуы мүмкін.
«Өзенмұнайгазда» заңгер болған әйел Наталья Соколова болуы керек, бұрын АҚШ-тың әскери-теңіз әуе күштерінде жұмыс істеген. Содан «Өзенмұнайгазға» барады, қалай ол? Қандай трансфер? Сол жерге барып, жаңағы бұрын отменить етілген экологиялық коэффициент 0.9 деген ба, қателеспесем, соны қайтадан көтерген. Өзі заңгер. Ещё жұмысшылардың есіне салып, ол коэффициентті алған себебі — оның орнына айлықтарын көтерген ба. Себеп болған. Адамдар келіскен. Сондай бір дүниелерді провоцирование жасап, адамдардың талап еткізуіне себеп болған деген фактілер шыққан сол заманда. Менің есімде, мен осы дүниелерді жаздым. Одан кейін, провокаторлар болды ғой, сотталды одан кейін, Козлов па еді, Жанболат Мамайлар, Бекет атаның басына барып, ал Жаңаөзендіктер «до конца қайтпаңдар» деп, өздері самолётпен қайтып кетті, қателеспесем. Оның бәрін тексеру керек. Мен тек бір жылдан кейін бардым, ол кезде Хабар агенттігінде жұмыс істеп жүрген едім, бір жылдан кейінгі өзгерісті 3 минуттық сюжет қылып түсірдік», - деді блогер.
Сондай-ақ блогер Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевтың жағдайды шешу мақсатында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына 14 рет сұранып, бірақ қабылданбағаны туралы деректі бөлісті. Бұл ақпаратты Өркен Кенжебек сол кездегі облыс әкімінің баспасөз хатшысы Бекзат Жүсіптен естігенін айтты.
«Одан кейін қателеспесем, Жаңаөзен оқиғасының басқа жағын да жаздық. Бекзат Жүсіп деген досымыз бар, ол кезде Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың баспасөз хатшысы болған. Сол кісіден естіп алған фактіні біз жаздық. Назарбаевтың кезінде Қырымбек Көшербаев 14 рет, әлде 13 рет президентке кіруге сұраныпты. Өйткені олар алаңда 7 ай тұрды. «Бізде осындай мәселе болып жатыр, шешейік те» демек болған. «Бірақ оны кіргізбей қойған сияқты» деген әңгіме болды. Ол кезде Аслан Мусин Президент аппаратының басшысы болған. Ол заманда ПА бастығы сұмдық ықпалды адам. Бүкіл БАҚ-ты сол кісі бақылайды. Сондықтан ол әңгімеге сенемін, мүмкін, ол кезде, Назарбаевтың тұсында сондай ақпараттық изоляция болған шығар — 14 рет кіре алмай кететіндей. Егер Бекзаттың сөзіне сенсек, сол кездегі. Мен тек естігенімді айтып отырмын. Біз осы дүниенің өзін жазғанбыз», - деді Өркен Кенжебек.