Кеше Түркияның ең ірі шаһары Ыстанбұлдың мэрі Экрем Имамоғлу қамауға алынды. Ыстанбұл Бас прокуратурасының мәліметінше, оған «жемқорлық» және «терроризм» баптары бойынша айып тағылған, деп хабарлайды Juzmedia.
Тергеу аясында Имамоғлудан бөлек, жүзге жуық адам ұсталды. Бірінші айып - «қалалық келісім» деп аталатын құрылымға байланысты. Тергеу барысында Ыстанбұл қалалық әкімдігі бас хатшысының орынбасары Махир Полат пен Шишли ауданының мэрі Ресул Экрем Шахан да қамауға алынды. Оларға «Ыстанбұл жоспарлау агенттігі мен BİMTAŞ компанияларына террористік ұйым мүшелері мен жақтастарын жұмысқа қабылдады» деген айып тағылуда. Екінші айып - заңсыз табыс табу, пара алу, алаяқтық және мемлекеттік тендерлерге заңсыз араласу күдігі. Осы тергеу нәтижесінде Имамоғлу мен өзге күдіктілерге «қылмыстық ұйымды басқару, пара алу, алаяқтық және сыбайлас жемқорлық» баптары бойынша іс қозғалды. Сот шешімі Түркияда саяси ортада үлкен пікірталас тудырды.
ЭКРЕМ ИМАМОГЛУ КІМ?
Экрем Имамоғлу 1970 жылы Түркияның Трабзон қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Ыстанбұл университетінің бизнес факультетін тәмамдаған. Әкесі Хасан Имамоғлу Трабзондағы «Anavatan» партиясының негізін қалаушылардың бірі болған.
Саясатқа 2008 жылдан бастап белсенді араласқан Имамоғлу Республикалық Халық партиясын (CHP) таңдады. 2014 жылы жергілікті сайлауда жеңіске жетіп, Бейлүкдүзү ауданының әкімі болды. Осыдан кейін оның саяси танымалдығы арта түсті.
2019 жылы 31 наурызда өткен жергілікті сайлауда Имамоғлу Түркияның бұрынғы премьер министрі Бинали Йылдырымға қарсы 13 мыңнан астам дауыс айырмашылығымен жеңіске жетті. Алайда Жоғарғы сайлау кеңесі сайлау нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізді. 23 маусымда өткен екінші турда Имамоғлу бұл жолы 800 мыңнан астам дауыс айырмашылығымен жеңіске жетті. Ыстанбұл қаласының оппозицияның қолына өтуі Түркия саясаты үшін тарихи оқиға саналды.
2023 жылғы президенттік сайлау алдында Экрем Имамоғлуның есімі ең ықтимал үміткерлердің бірі ретінде жиі айтылды. Бірақ Республикалық Халық паритиясының жетекшісі Кемал Кылычдароғлу президенттікке өз кандидатурасын ұсынып, оппозиция оны қолдады. Сол кезде “İYİ” партиясының басшысы Мерал Акшенер бұл қешімге қарсылық білдіріп, Имамоғлу мен Анкара мэрі Мансур Явашты негізгі үміткер ретінде ұсынды. Ақыры Кылычдароғлу сайлауға түсті, ал Имамоғлу вице-президент болуға келісті.
2025 жылы 23 наурызда Республикалық Халық партиясында өтетін алғашқы сайлауға Имамоғлу жалғыз кандидат ретінде тіркелуге дайындалып жатқан еді. Алайда сайлауға бес күн қалғанда, яғни 18 наурызда Ыстанбұл университеті оның дипломының жойылғанын хабарлады. Бұл - оның кандидатурасын ресми тіркеу үшін қажет басты құжаттардың бірі.
ДИПЛОМ ДАУЫ
Экрем Имамоғлуның 2028 жылғы президент сайлауына басты үміткерлердің бірі ретінде қатысуы мүмкін екені талқыланып келген. Бірақ оған ең алдымен жоғары білімін дәлелдейтін диплом қажет.
Имамоғлуның дипломына қатысты даулар 2019 жылы Ыстанбұл мэрі болып сайланғаннан кейін басталды. Кейбір ақпарат көздері оның 1990 жылы Кипрдегі Гирне Америка университетінен Ыстанбұл университетіне заңсыз ауысқанын мәлімдеді. Дегенмен сол кездегі университет ректоры Имамолуның халықаралық студенттерді қабылдау квотасы аясында заңды түрде ауысқанын растаған. Алайда 1990 жылы Жоғары білім беру кеңесі (ҮÖK) Гирне Америка университетін ресми түрде мойындамаған. Сондықтан Имамоғлуның дипломының заңдылығы күмән тудырып, оған қарсы тергеу басталды. 2025 жылы 22 ақпанда Ыстанбұл Бас прокуратурасы Имамоғлуға қатысты «ресми құжаттарды қолдан жасау» бабы бойынша тергеу ашты.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЛДАРЫ
Имамоғлуның ұсталуына қатысты жаңалық қаржы нарығына бірден әсер етті. Түрік лирасы 12%-ке құнсызданып, бір доллар 40 лираға жетіп рекордтық көрсеткіш орнатты. BIST 100 индексі 7%-ке төмендеп, билік биржадағы сауданы уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Қаржы министрі Мехмет Шимшек бастаған министрлік экономиканы тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Имамоғлу қамауға алынғаннан кейін кеше Түркияның бірнеше қаласында жаппай наразылық шерулері өтті. Мыңдаған адам көшеге шығып, оның босатылуын талап етті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.