2019 жылы 19 наурызда Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Назарбаев өз еркімен қызметтен кетті. 20 наурызда ізбасары ретінде сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты жариялады. Тоқаев – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші президент. Бүгін оның мемлекет басқарғанына алты жыл толады. Сол алты жыл ішінде ел есінде қалған қандай маңызды шешімдер қабылдады? Juzmedia.kz шолуында ұсынамыз.
АСТАНА МА? НҰР-СҰЛТАН БА?
Тоқаевтың президент ретінде қабылдаған ең үлкен шешімі – Астананың атын ауыстыру. 20 наурыздағы ұлықтау рәсімінде бірінші президент Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп ауыстыруды ұсынды. Ал 23 наурызда жарлыққа қол қойып, Конституцияға өзгеріс енгізді. Республикалық референдум жүргізілмеді. Астана, Алматы қалаларында наразылар көшеге шығып, кейбірін полиция ұстап әкетті. Ал сарапшылар Тоқаев жарлығы заңсыз деді. Себебі президент мерзімінен бұрын кетіп, оның өкілеттілігін қабылдап алған екінші тұлға өз бетінше Ата заңға өзгеріс енгізе алмайды деп түсіндірген. Бірақ Әділет министрлігі Тоқаевтың әрекеті заңға сай деп тапты.
Үш жыл елордамыз Нұр-Сұлтан деп аталды. 2022 жылы Қаңтар қырғынынан кейін елде үлкен реформалар жасау қажеттігі туындады. Сол кезде Тоқаев бұрынғы Астана атауын қайтарып берді.
АУЫЛ ӘКІМДЕРІН САЙЛАУ
30 жыл бойы қазақстандықтар тек өз президентін ғана сайлай алатын. 2020 жылы ауыл әкімдерін де сайлау мүмкіндігі пайда болды.
Негізі ауыл әкімдерін сайлау туралы ой 90 жылдардан бері айтылып келеді. 1998 жылы Назарбаев халыққа жолдауында ауыл әкімін сайлау мәселесін көтерді. Тәжірибе ретінде 1999 жылы Алматы облысы, Шамалған ауылында сайлау өтті. Сол уақыттан бері пилоттық жоба жалғасып, 28 ауылдың әкімі сайланыпты.
Тоқаев билікке келгеннен кейін елдегі саяси режимді либералдандыру бағытын жариялады. «Еститін үкімет» концепцисы пайда болды. Осының аясында 2020 жылы 1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселесін тағы көтерді. 2021 жылы заңды түрде бұл жүйе күшіне енді. 2023 жылдағы мәлімет бойынша, бүкіл ел бойынша 2100 елде ауыл әкімі сайланған.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАРЖЫСЫНА ҮЙ АЛЫП, ТІС ЕМДЕУ
Тоқаевтың 2020 жылғы жолдауындағы тағы бір бастамасы – зейнетақы қорындағы қаражатты уақытынан бұрын шешіп алып, үй алу немесе емделуге жұмсау. Ол ұсынысы 2021 жылдың 23 қаңтарынан бастап іске асырыла бастады. Қазақстандықтардың зейнетақысы белгілі бір шектен асқан жағдайда, қалған қаражатын шешіп алуға мүмкіндігі болды.
Мыңдаған азаматтар баспаналы болды. Халықтың әлеуметтік жағдайын, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бірақ кейбір сарапшылар бұған алаңдаушылық та білдірді. Олар зейнетақы қорындағы қаражат болашақта азаюы мүмкін дейді. Елде тұрғын үй бағасының өскені де байқалды, инфляция артты. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына алаңдаушылық білдіріп, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеменің артуы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен бұл жоба әлі де жалғасын тауып келе жатыр.
ХАЛЫҚ КРЕДИТІН КЕШІРУ
Тоқаевтың халық есінде ұзақ қалған тағы бір шешімі – кредит кешіруі. 2019 жылдың маусымында әлеуметтік осал топтардың кредиттік қарызын кешіру туралы Жарлыққа қол қойды. Президенттің тапсырмасымен 500 мың адамның несиесі өтелді. Олардың арасында көпбалалы отбасылар, мүгедек бала бағатын ата-аналар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар да бар. Әрқайсының 300 мың теңгеге дейінгі несиесі кешірілді. Бұл мақсатқа 105 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Халық үшін қуанарлық жағдай, бірақ сарапшылар Тоқаевтың шешімін оң бағаламады. Мамандар мемлекет есебінен халықтың банк алдындағы берешегін кешіру негізгі мәселені шешпейді, оның орнына жұмыспен қамту бағдарламаларын дамыту керек деді. Әрі қарызды кешіру азаматтар арасында жауапсыз тағы да несие ала беру деген әдетті қалыптастыруы мүмкін. Тағы да үкімет несиені кешіреді деп ойлайды. Бірақ бұл бір реттік акция – Тоқаевтың қазақстандықтар алдындағы беделін көтеру үшін ғана жасалған тәрізді. Одан кейін қайта өткізілмеді.
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ
2024 жылы қазақстандықтар бір ай бойы тікелей эфирде Бишімбаев сотын бақылады. Әйелін ұрып-соғып, түні бойы азаптап өлтірген экс-министрдің ісі тек қазақстандықтардың ғана емес әлем назарын аударды. Сол жылы сот процесі кезінде Тоқаев «Әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту туралы» заңға қол қойды. Бұл ұзақ жылдар бойы тұрмыстық зорлықты да қылмыс ретінде тану керек деп айтып жүрген мамандар мен сарапшылардың, қоғам белсенділерінің жеңісі еді.
Заңға сәйкес, енді зорлық-зомбылық жасағандарды әкімшілік емес қылмыстық жазаға тартады. Қайталап жасалған зорлық-зомбылық ауыр қылмыс деп саналады. Құқық қорғаушылар бұл заңды зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін маңызды қадам деп бағалады.
УАҚЫТ БЕЛДЕУІН ӨЗГЕРТУ
Тоқаевтың үкімімен 2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстан бірдей уақыт белдеуіне өтті. Бұрын Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары бір сағат кеш жүретін еді, енді барлығымыз бір уақыттамыз. Мемлекет бұл елдегі жұмыс режимі, коммуникация мен логистикаға, электр энергиясын үнемдеуге оң әсер етеді деп түсіндірді. Өкінішке орай, қазақстандықтар бір уақыт белдеуін оң қабылдай қоймады. Шығыс өңірде, уақыт ауыстырғаннан кейін кешкі бесте күн қарайып, түнгі үште таң атып келе жататын еді.
Оқу-ағарту министрлігі осы мәселе бойынша үш жылға созылған зерттеу жүргізілетінін хабарлаған. Бірақ соңғы Үкімет жиынында ол ойынан бас тартып, басқа министрліктердің сараптамасына сүйенді. Ал Тоқаев уақыт белдеуі туралы сөзді қайта доғару керек деп, қайта ауыспайтынын нақты айтты.
Біз Тоқаевтың ел есінде қалған шешімдерін теріп шықтық. Қайсысы сіздің көңіліңізден шықты? Қайсысымен келіспейсіз? Пікіріңізді жаза кетіңіз!
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.