Ұлытау облысында «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс-Жезқазған кенішінде жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Қайғылы оқиға туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«№57 шахтада тауарлық-материалдық құндылықтарды түсіру кезінде 1994 жылғы жұмысшы жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жұмысшы оқиға орнында көз жұмды», - делінген хабарламада.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы мен себебі анықталуда, жазатайым оқиғаны тергеу бойынша арнайы комиссия құрылды.
«Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен ұжымы марқұмның жақын туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Қаза тапқан жұмыскердің отбасына ұжымдық шартта қарастырылған барлық қажетті көмек көрсетіледі, оның ішіне жерлеу шығындары да кіреді», - делінген компания хабарламасында.
ӨНДІРІСТІҢТОҚТАТЫЛҒАНЫ РАС ПА?
«Қазақмыс» компаниялар тобы қауіп төнуі ықтимал телімдерде өндірістің уақытша тоқтатылғанын және барлық жерде қауіпсіздік шарасы күшейтілгенін хабарлады.
«Қазақмыс» компаниялар Тобының өндірістік нысандарында жазатайым оқиғалардың жиілеуіне байланысты корпорация басшылығы бүгіннен бастап бекітілген кестеге сәйкес тәуекел деңгейі жоғары барлық технологиялық процестерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Кеніш тоқтап тұрған кезеңде қауіпсіздік ережелерінің сақталуы бақылауға алынып, барлық жұмыс түрлері жан-жақты тексеріледі. Барлық кемшілік жойылғаннан кейін ғана телімдердегі жұмыс қайта жалғасад», - делінген корпорацияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Компания сондай-ақ қауіпсіздікті күшейту жөніндегі кешенді шаралар шеңберінде «Қазақмыстың» барлық өндірістік нысаны жоспардан тыс тексерілетінін, сондай-ақ инженерлік-техникалық персонал мен жерасты жұмыс орындары қайта аттестаттаудан өткізілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар комиссия құтқару жабдықтарының даярлығын, қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайдағы іс-қимыл алгоритмдері бойынша білімін тексереді.
ЖАҚЫНДА ҒАНА БОЛҒАН 7 ЖҰМЫСШЫНЫҢ ҚАЗАСЫ
2025 жылдың 17 ақпанында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты шахтада жеті жұмысшы қаза тапқан болатын.
Қайғылы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 277-бабы «Тау-кен жұмыстарын немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Президент қайғылы оқиғаның себептерін жан-жақты тексеруді тапсырды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.