homepage
primeminister.kz

Құпия түрде тергелген: экс-министр Бекетаевқа қатысты іс сотқа жіберілді

19.03.2025, 15:43

Бұрынғы министр Марат Бекетаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚАШАН СОТҚА ЖІБЕРІЛГЕН?

Экс-министр ісі сотқа жіберілгенін Антикорда өткен брифингте ресми өкіл Данияр Биғайдаров мәлімдеді.

"Экс-министр Бекетаевқа және басқа да тұлғаларға қатысты алаяқтық, аса ірі көлемдегі ұрлық, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. 3 наурызда қылмыстық іс сотқа жіберілді", - деді Данияр Биғайдаров.

БЕКЕТАЕВ ІСІ

Бұрынғы Әділет министрі 2023 жылдың қазан айында Қазақстаннан қашпақ болған кезінде қамауға алынған болатын. Сол кезде Антикор Марат Бекетаевтың қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

«Ол талап етілмейтін қызметтерді көрсетуге жыл сайынғы келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдады. Бұл әрекет мемлекетке аса ірі көлемде зиян келтірді», - делінген Антикор хабарламасында.

Өткен жылдың шілде айында бұрынғы министрге қатысты тергеудің аяқталғаны белгілі болды. Тараптар іс материалдарымен танысуға кірісті.

Кейіннен департамент Бекетаевқа қызмет бабын асыра пайдаланды деп емес, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінгенін хабарлады. Келтірілген шығын 1 млрд теңгеден асқан.

Өткен жылдың қазан айында Бекетаевтың ісі «Құпия» санатына жатқызылғаны белгілі болды.

Еске салайық, Марат Бекетаев 2016-2022 жылдар аралығында ҚР Әділет министрлігін басқарған. Министр қызметінен кеткеннен кейін ол Үкімет басшысының кеңесшісі болып тағайындалды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.