homepage
Фото: © depositphotos.com/alexkich

83 жылдық тарихы бар «Америка дауысы» радиосы хабар таратуын тоқтатты

16.03.2025, 17:16

АҚШ федералды бюджетінен қаржыландырылатын «Америка дауысы» радиостанциясының 1300-ден астам қызметкері әкімшілік демалысқа жіберілді., деп хабарлайды Juzmedia.kz.

РАДИО ДИРЕКТОРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

83 жылда алғаш рет радиостанцияның хабар таратуы тоқтатылды. Бұл туралы 16 наурызда редакцияның директоры Майкл Абрамовиц мәлімдеді.

«Аты аңызға айналған «Америка дауысының» 83 жылда алғаш рет үнсіз қалғанына қатты қынжыламын. Бүгін таңертең мен «Америка дауысының» іс жүзінде бүкіл қызметкерлері — 1300-ден астам журналистің, продюсерлер мен техникалық қызметкерлердің әкімшілік демалысқа шыққанын білдім. Мен де солардың қатарындамын. «Америка дауысы» расымен де  реформа қажет етеді және бұл бағытта ілгерілеушілік бар. Алайда бүгінгі шешім оның өмірлік маңызды миссиясын орындауға кедергі жасайды», - деп жазды Абрамовиц.

Директордың айтуынша, агенттік сақталып қалған күннің өзінде, әкімшіліктің бүгінгі әрекеті оның қауіпсіз және еркін әлем құруға, оның ішінде АҚШ мүдделерін қорғауға көмектесу қабілетіне айтарлықтай зиян келтірді.

«80 жылдан астам уақыт бойы «Америка дауысы» Құрама Штаттар үшін баға жетпес байлық болды, ол коммунизмге, фашизмге және езгіге қарсы күресте және бүкіл әлемде бостандық пен демократияны қолдауда маңызды рөл атқарды. Бүгінде оның аудиториясы аптасына 360 миллион адамнан асады, 48 тілде хабар таратады. Диктатура жағдайында өмір сүріп жатқан көптеген адам үшін «Америка дауысы» жаңалықтар мен ақпараттың жалғыз сенімді көзі болып қала береді», - деді Абрамовиц.

ТРАМП ШҮЙЛІККЕН АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ЖАБЫЛА БАСТАДЫ

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні, 14 наурызда АҚШ үкіметіндегі жеті тәуелсіз федералды агенттіктерді айтарлықтай қысқарту туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үйдің веб-сайтында жарияланған бұйрықта «өздерінің жарғылық функциялары мен қызметкерлерін заңмен талап етілгендей барынша қысқартуға» тиіс ұйымдар тізімі берілген. Олардың арасында АҚШ-тың жаһандық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) бар, ол 49 тілде хабар тарататын бес ірі америкалық медиакорпорацияны, соның ішінде «Азат Еуропа/Азаттық» және «Америка дауысы» радиосын қадағалайды. Бұл БАҚ-тың апталық аудиториясы 361 миллионнан астам адамды құрайды.

Дәл сол күні, яғни 14 наурызда Дональд Трамп өзін қатты сынғак алатын БАҚ-қа қарсы шықты. АҚШ Әділет министрлігінде сөйлеген сөзінде Ақ үй басшысы CNN және MSNBC телеарналарының қызметін «97,6% негатив көрсетеді» деп айыптап, «мұны тоқтату керек, бұл әрекеттер заңсыз», - деп мәлімдеді.

DW агенттігінің хабарлауынша, Трамп өзін сынайтын БАҚ-ты «Демократиялық партияның саяси құралдары» деп атап, оларды жемқорлықа қатысы бар деп айыптады.

9 наурызда Илон Маск өзінің X парақшасында «Азаттық» және «Америка дауысы» радиоларын жабуға шақырды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.