homepage
facebook.com/veterkz

Қазақстандық тұрғын Франция президенті мен әлемге әйгілі актерді қалай жолықтырып жүр

16.03.2025, 13:53

Қазақстан азаматы Парижге алғаш рет қыдырып барған күні Франция президенті Эмманюэль Макрон мен әлемге әйгілі актер Жан Реноны көшеден кездейсоқ кездестірген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ӘЙГІЛІ АКТЕРМЕН КЕЗДЕСКЕН СӘТ

"Бұл біз үшін қиял-ғажайып сияқты көрінгенімен, рас оқиға екен». Facebook әлеуметтік желісіне осылай деп жазба жариялаған қазақстандық журналист Алексей Алексеевке Қуат есімді азамат басынан өткерген қызық оқиғасын баяндап берген.

 «Парижге алғаш рет келгенімде, мені таңқалдырғаны адамдар болды. Олар сондай жылы жүзді, ашық әрі сән әлемінің астанасы екені байқалатындай өте әдемі киінген. Сол күні түстен кейін жаңбыр жауды, ал кешке қарай ауа райы ашылған соң әйелім екеуіміз Триумф аркасына барып, Эйфель мұнарасын тамашалауды жөн көрдік.

Триумф аркасына бара жатқан жолда алдымнан бір ер адам шықты, оны бірден таныдым – ол Жан Рено еді! Ол ең сүйікті актерлерімнің бірі. Мен қатты сасқалақтап, «Жан Рено!» деп айғайлап жіберіппін. Ол күлімсірей қарап, жанымнан өтіп кетті. Сол сәтте «суретке түсіп алсам ба екен» деп ұзақ ойланып тұрып қалыппын, алайда оның артынан тұра жүгіргенім ыңғайсыз болар деп тоқтап қалдым. Қазір осы қылығым үшін қатты өкінемін, өйткені ондай тұлғамен естелікке суретке түсіп алуым керек еді», - деп баяндайды әңгімесін Қуат.

КӨШЕДЕ ӘЙЕЛІМЕН СЕРУЕНДЕП ЖҮРГЕН ПРЕЗИДЕНТ

Осылай өкінішін айтқан жігіт артынша Франция президентін қалай жолықтырғаны туралы баяндайды.

«Күн ұясына батқан кезде Елисей алаңымен серуендеп, Эйфель мұнарасына жол тарттық. Мұнараны дәл жанынан көрген ерекше екен, шамдары жарқылдап, айрықша әсер қалдырды. Көптеп суретке және видеоға түскен соң қонақүйге қайттық. Қонақүй Триумф аркасына жақын жерде, жаяу 10 минуттық қашықта орналасқан.

Сөйтіп, біз Триумф аркасының жанына жеткенде бір сәт басымды бұрып қарай қалғаным сол еді, дәл жанымнан Франция президенті Эмманюэль Макронды әйелімен бірге көрмесім бар ма?! Ол маған бірнеше метр қашықтықта тұр екен. Өз көзіме сене алар емеспін. Біздің көзіміз түйісіп қалды, оның өзі де, әйелі де бізге жымия қарады. Мен қатты абдырап қалдым. Әлі сене алар емеспін – бақандай бір елдің президенті Париж көшелерінің бірінде жай серуендеп жүр дегенге қалай сенесің?!” – дейді қазақстандық турист.

Әлбетте, Франция президентінің жанында күзетшілері болған екен.

«Мен олардан көз алмаған қалпы, жайлап телефонымды шығардым. Бұл жолы қайткенде де бірге суретке түсіп алу керек деп бекініп тұрдым. Бірақ күзетшілер суретке түсірмеу туралы сыпайы ескерту жасады. Бұл олардың жұмысы екенін түсініп, мен де кері бұрылмақ болдым...

Бірақ президент менің ойымды түсініп, күзетшілеріне белгі берді де, бізге жақындап, суретке түсуге ұсыныс білдірді!

Фантастика! Франция таңғалдырудан жалықпас! Нағыз батыл, ашық әрі өте қарапайым президент екен. Француздарға қызыға қарамасқа болмады...» - деп әңгімесін аяқтайды Қуат. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.