homepage
Elements.envato.com

БҚО-да шенеунік өзіне заңсыз 760 мың теңге сыйақы тағайындаған

15.03.2025, 06:10

Батыс Қазақстан облысында аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінің басшысы бұған дейін өзіне заңсыз тағайындаған 766 мың теңге көлеміндегі сыйақысын бюджетке қайтарды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Мой город» жазуынша, БҚО Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, онда Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиевтің тәртіптік ісі қаралған.

Белгілі болғандай, 2024 жылы шенеунік тәртіптік теріс қылық жасап, «атқаратын лауазымына толық сәйкес емес» деген жазаға тартылған. Мұндай жағдайда оның сыйақы алуға құқығы болмаған. Алайда прокурор Жандос Қуанышбековтың айтуынша, 2024 жылдың 9 желтоқсанында Манарбек Әдиев Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мерекесіне орай өзіне заңсыз 766 мың теңге сыйақы тағайындап алған.

Заңбұзушылық фактісі қызметтік тексеріс барысында расталды. Әдиевтің өзі бұл әрекетін жоққа шығармай, онысын «ұмытшақтығымен» түсіндірген. Кейін ол барлық соманы бюджетке қайтарды.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шенеунікті қызметінен босатуды ұсынды. Соңғы шешімді Жәнібек ауданының әкімі қабылдайды.