Қазақстанда некеге оытрғандар саны өткен жылдармен салыстырғанда біршама артқан. Ал ажырасқандар саны әлі де азаймай тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚАЙ ӨҢІРДЕ НЕКЕЛЕСКЕНДЕР САНЫ КӨП
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр АХАТ органдары Қазақстан Республикасында 123,6 мың неке тіркеген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2% артық.
Некелесудің жалпы коэффициенті 6,13 құрады (1000 адамға). Некелескендердің көпшілігі Астана қаласында, 1000 адамға шаққанда 7,34 неке коэффициенті, сондай-ақ Алматы (6,98) және Ұлытау облыстарында (6,70) байқалды. Некеге тұрудың ең төменгі деңгейі Батыс Қазақстан облысында – 1000 адамға шаққанда 5,58 неке тіркелген.
ҚАЙТА ҮЙЛЕНГЕН АЗАМАТТАР ҮЛЕСІ ҚАНДАЙ?
Отбасын құрғандардың ішін ерлердің 78% және әйелдердің 79,1% некеге алғаш рет тұрған, ажырасқаннан кейін қайта үйленген ерлердің үлесі – 20,8%, тұрмысқа шыққан әйелдерде –19,4%.
«Қалалық жерлерде 82,1 мың неке (66,4%), ауылдық жерлерде 41,5 мың неке (33,6%) тіркелген. Алғаш неке құрған ерлердің орташа жасы 27,9 жас болса, әйелдер үшін – 25,2 жас. 2024 жылы неке жаз айларында ең көп тіркелген: маусым – 11 675, шілде – 13 739, тамыз – 12 936 бірлік», - делінген бюро хабарламасында.
БЫЛТЫР ҚАНША ЖҰП АЖЫРАСҚАН?
Барлық тіркелген некенің 81,8% моноэтникалық болса, қалған 18,2% – этносаралық.
«Ажырасуға келетін болсақ, 2024 жылы олардың саны 40,5 мың болды. Қалалық жерлерде 30,1 мың ажырасу (74,4%), ауылдық жерлерде – 10,4 мың ажырасу (25,6%) тіркелген. Ажырасудың жалпы коэффициенті 2,01 құрады (1000 адамға)», - дейді сарапшылар.
Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да, 1000 адамға шаққанда 3,12 коэффициентімен, сондай-ақ Қарағанды (3,11) және Павлодар (3,09) облыстарында байқалды. Ажырасудың ең төменгі деңгейі Түркістан облысында – 1000 адамға шаққанда 0,90.
АЖЫРАСҚАНДАРДЫҢ НЕКЕ ҰЗАҚТЫҒЫ ҚАНША?
Неке ұзақтығы бойынша ажырасулардың ең көп үлесі (35%) 1-4 жыл некеде тұрған отбасылар арасында, ажырасулардың 25% – 5 жылдан 9 жылға дейін бірге тұрғандар арасында, тағы 8% неке тіркелгеннен кейін бір жыл ішінде ажырасқан.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.