Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісетінін жеткізді.
«Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», - деді Қ. Тоқаев.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.