Сенат депутаты Андрей Лукин премьер-министрге жолдаған сауалында жерлеу қызметі саласындағы шұғыл шешімді қажет ететін проблемаларды көтерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«VIP-ЗИРАТТАР ПАЙДА БОЛЫП, ЗАҢСЫЗ ЭКСГУМАЦИЯ ЖАСАЛУЫ МҮМКІН...»
Депутаттың айтуынша, заңсыз жерлеу бюролары мен зираттарды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет.
"Бұл бизнес экономиканың көлеңкелі және бақылаусыз саласына айналды. Сонымен қатар зираттарды күтіп-баптауды жеке қолға беру қоғамда наразылық тудырып отыр. Зираттарды жекешелендіру Қазақстанның көрнекті қайраткерлерінің аллеялары, жаңа қалалық зираттың жасыл саябағы сияқты нысандарға қауіп төндіреді. Бұл аумақтарды коммерцияландыру VIP-зираттардың пайда болуына және заңсыз эксгумация жасауға әкеп соғады. Зираттарды күтіп ұстаумен және жерлеу рәсімімен айналысатын мемлекеттік мекемелердің кешенді жекешелендіру және сату жоспарынан алынып тасталуын сұраймыз», - деді Андрей Лукин.
Депутат тек мемлекеттік меншік нысандары ретінде зираттардың мәртебесін заңнамалық деңгейде белгілеуді ұсынды.
"Негізгі жерлеу қызметтерінің шекті бағасын белгілеу керек. Зират учаскелерін заңсыз сатқаны үшін қатаң жауапкершілік енгізу және жерлеу рәсімдерін есепке алудың мемлекеттік цифрлық жүйесін құру, қабір қазу және жерлеу қызметтері туралы заң жобасын әзірлеу қажет. Конституцияға сәйкес, жер халыққа тиесілі. Мемлекет әр қайтыс болған адам үшін 6 шаршы метрлік жерлеу орындарын тегін береді. Алайда жерлеу қызметін бәсекелес ортаға өткізу монополиялық, қылмыстық тәуекелдерді туғызады. Сонымен қатар алаяқтыққа, учаскелерді қайта сатуға, заңсыз эксгумацияға жасауға, сондай-ақ жерлеу орындарын тіркеуге байланысты проблемаларға әкеп соғуы мүмкін», - деп түсіндірді депутат.
ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ЖЕРЛЕУ ҚҰНЫН 1 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН КӨТЕРГЕНДЕР БОЛҒАН
Бүгінде Астана аумағында 28 зират пен бір пантеон бар.
"Мемлекеттік кәсіпорын жерлеудің орталықтандырылған есебін жүргізеді, азаматтар мен мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Ал бұл функциялар жеке компанияларға беріліп, мемлекеттік ұйым сатылған жағдайда, деректер жоғалуы мүмкін. Бұл жерлеу орнын іздеуді қиындатады, сондай-ақ мәліметтер базасын жүргізуден бас тарту және т.б. мәселелер туындайды.
Астанада жерлеу құны республикадағы ең төмен бағалардың бірі болып қала береді. Дегенмен жекешелендіруден кейін жеке компаниялар міндетті түрде бағаны көтере бастайды, бұл баршаға аян», - деп атап өтті депутат.
Сондай-ақ сенатор COVID-19 пандемиясы кезінде жеке компаниялар жерлеу құнын 1 миллион теңгеге дейін көтергенін, ал мемлекеттік органдар қолжетімді баға ұсынғанын еске салды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.