Әлеуметтік желіде жарияланған видеода бір азамат картасын еш себепсіз бұғаттап тастағанына шағымданады. Ол ақша айналымы тым көп болғандықтан, картамды жауып тастады дейді. Бұл дерек қаншалықты рас? Juzmedia тілшісі анықтап көрді.
Kaspi-ге шағымданған азамат пластикалық картасын сындырып, телефонынан банктің қосымшасын өшіріп тастаған.
«Дәл қазір Kaspi банктің бөлімшесінен шығып келе жатырмын. Ойлаңыздаршы, ешқандай қарызым жоқ, ешқандай кредитім жоқ. Тек ақша көп айналған деп бұғаттап тастапты», - дейді ол бейнежазбада.
Банк әрекетіне шағымданған азаматтың сөзінің жаны бар. Бұлай дейтініміз, банк өз картасын бұғаттап тастауға үш себеп бар.
БАНК НЕЛІКТЕН КАРТАНЫ БҰҒАТТАЙДЫ?
Бірінші – күдікті айналымдар. Егер картада қалыптан тыс транзакциялар немесе ірі аударымдар болса, банк оны күмәнді деп танып, шотты жауып тастайды. Ондай жағдайда қаржы ұйымына хабарласып, операцияларды өзіңіз жүзеге асырғанын және оның рас екенін дәлелдеу керек.
Екінші – бұрыс қолдану. Егер қолма-қол ақшаны белгіленген лимиттен артық асырып жіберсе немесе басқа елде қолданылса, бұғаттауы мүмкін. Сондықтан шетелге шықпас бұрын, бара жатқан еліңізде картаны қолданатынын анықтап алыңыз. Қолма-қол ақшаға қандай лимит берілгенін де біліп жүру керек.
Үшінші – деректер қате болса. PIN-кодты бірнеше рет дұрыс термесеңіз немесе картаның жарамдылық мерзімі дұрыс жазылмаса да, бұғатқа түсесіз. Банк мұны алаяқтардың әрекеті деп танып, тез арада картадағы қаржыны қорғауға тырысады. Сондықтан код, парольді мұқият теруге тырысыңыз.
ҚАНДАЙ ӘРЕКЕТТЕР БАНК ҮШІН КҮДІКТІ БОЛУЫ МҮМКІН?
Қысқа мерзімде үлкен аударымдар: қатарынан көптеген ірі транзакциялар жасау банктің күдігін тудыруы және картаның құлыпталуына әкелуі мүмкін. Бұл алаяқтық белгісі болып саналады.
Әдеттен тыс сатып алулар: Күнделікті саудаға сәйкес келмейтін тауарларды немесе қызметтер сатып алынса, банк оны ерекше әрекет ретінде қабылдауы мүмкін.
Күмәнді сайттар мен қосымшалар арқылы төлеу: тексерілмеген төлем жүйелерін пайдалану немесе күдікті сайттар арқылы төлеу де алаяқтық деп қабылданады. Және картаны бұғаттауға әкелуі мүмкін.
ЕГЕР БАНК КАРТАНЫ БҰҒАТТАҒАН БОЛСА, ОНЫ ҚАЛАЙ АШУҒА БОЛАДЫ?
Бірден банкке хабарласыңыз және өз әрекеттеріңіз туралы ақпарат беріңіз. Банк бөлімшесі алыс болса, call-орталыққа хабарласып, нақтылай аласыз.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.