Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов былтыр Талғарда асқан қатыгездікпен өлтірілген жасөспірім Шерзат Полатқа қатысты істің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ІС СОТҚА ӨТКЕН СОҢ СУДЬЯ АНЫҚТАЛАДЫ
«Қазір Шерзат Полатқа қатысты істі прокуратура зерттеп жатыр. Іс жақын күндері, тіпті осы аптада ол сотқа беріледі деп күтіп отырмыз», - деді спикер Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ тілшілер ІІМ өкілінен сот отырысының қашан басталатынын сұрады.
«Бұл соттың құзыретіне жатады Сот істі алған соң басты сот талқылауын жүргізетін судьяны анықтайды», - деді Санжар Әділов.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанына қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат ата-анасының көз алдында айуандықпен өлтірілген болатын. Қылмысты жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, қамауға алынды.
Кісі өлтіру фактісін тергеуді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болат отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін Шерзаттың ағасы жұмбақ жағдайда қайтыс болды.
Сондай-ақ Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, 15 тәулікке қамалды.
Қаңтар айында Шерзаттың өліміне қатысты тергеудің аяқталғаны хабарланған болатын.
6 наурызда ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев күдіктілер санының өзгермегенін, 11 адам әлі тергеуде екенін айтқан еді. Сонымен қатар Шерзаттың әкесінің үйін қасақана өртеген адамның әлі табылмай жатқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде Шерзатты өлтірді деп айыпталғандардың тергеу изоляторында тортпен туған күн атап өтіп жатқан видеосы тарады.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.