7 наурызда Алматы әуежайында қолында пышағы бар азамат жас қызды кепілдікке алып, елді шулатты. Дәл сол сәтте Мұса Әбдірайым есімді азамат бірден көмекке келіп, әуежай қызметкерін құтқарып қалған болатын. Кепілге алынған қыз 23 жастағы Ботагөз Мұхтарова болып шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА МҮГЕДЕК АНАСЫН КҮТІП-БАҒЫП ОТЫР
«Мен 2001 жылы 4 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Қатоңқарағай ауданында дүние келгенмін. Бірақ мен туған соң, үйдегілер бірден Алматыға қоныс аударған. Бір үйдің жалғыз қызымын. Әуежайда жұмыс істеп жүргеніме екі жылдай уақыт болды. Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетін туризм мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Жалғызбасты анамын, бір балам бар», - дейді Ботагөз.
Ол әуежайдан бұрын бірнеше жерде жұмыс істепті. Атап айтсақ, мектепалды даярлық сыныптары, балабақша. Басқа жерлерде әкімші боп қызмет атқарған.
«Әуежайға барудағы мақсатым бортсерік болу. Бұрыннан әуежайда жұмыс істеу ұнайтын еді. Бала күнгі арманым – бортсерік қызметі. Алайда анамның денсаулығына байланысты арманынан бас тарттым», - дейді кепілге алынған қыз.
Оның айтуынша, анасы қазір мүгедек, қатерлі ісікке шалдыққан. Анасының қасында көп уақыт өткізеді екен. Әкесі де қазір жұмыс істемейді. Анасын қарайтын көрінеді. Бұрын жеке кәсіпкер болған.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ ТЕРІС ПІКІР БІЛДІРГЕНДЕРГЕ НЕ АЙТТЫ?
«Мен үшін өте қиын сәт болды. Психологтар келіп сөйлесті. Қазіргі таңда өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін», - дейді Ботагөз Мұхтарова.
Әлеуметтік желідегі оның өз парақшасына теріс пікір жазған қолданушылар бар екен. Осыған қатысты Ботагөз өз ойын айтты.
«Әркімнің өз ойы ғой. Мен өз жұмысымды атқарғаннан кейін, барлық жағдайды біліп тұрғаннан кейін ол адамдарға ешнәрсе айта алмаймын. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Алайда мен жұмысқа қайта ораламын. Ең қатты уайымдаған әкем болды. Дүрбелеңнен кейін ең бірінші есіме ең бірінші түскені әкем болды, бірден хабарластым. Ол кісінің мүлдем хабары болмаған, мен жылап хабарласқанда, ойланбастан үйден шығып кеткен. Анам бұл оқиғаны білген жоқ. Видеолар әлеуметтік желіге тараған соң, туыстарымыз жіберген екен. Ол кісі де қатты шошынып, ауырып қалды. Мені уайымдаған адамдарға алғыс айтамын. Мұса аға да үйге келіп кетті. Ол кісіге алғысым шексіз. Кеше әуежайдағы әріптестерім, басшыларым келіп, қал жағдайымды сұрады. Көмек беретіндерін жеткізді», - дейді Ботагөз.
ОҚИҒА ҚАҺАРМАНЫН БОЙЖЕТКЕННІҢ ӘКЕСІ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРДЫ
Бейбіт күннің батыры Мұса Әбдірайым расында да бойжеткеннің үйіне барғанын айтты.
«Оқиға болғаннан кейін келесі күні қыздың әкесі маған қоңырау шалды. Ол маған осындай қауіпті жағдайда қызымды құтқарғаным үшін алғыс айтып, үйіне қонаққа шақырды. Мен өзім құтқарған қыздың жағдайын білуді өз міндетім деп санап, әкесінің шақыруын қабыл алдым. Мені жақсы қарсы алды, қазір Ботагөздің жағдайы жақсы, кішкентай қызы бар екен», - деді Мұса Әбдірайым.
Айта кетейік, 7 наурызда Алматы әуежайында белгісіз ер адам әйелді кепілге алмақ болып, пышақпен қорқытқан. Сол маңдағы бейтаныс адам қаскүнемді әңгімеге айналдыра отырып, сәті келгенде қолынан пышақты жұлып алған. Қаскөйдің неліктен ондай әрекетке барғаны әзірге белгісіз.
Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.