Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу құны әлі де қымбаттап жатыр. Саладағы жылдық баға индекстері өткен жылдың бірінші жартыжылдығында қалыпты, яғни баға өсімі 4%-дан 5%-ға дейін болды. Сондай-ақ күзден бері Ұлттық статистика бюросының мамандары бағаның 7%-8%-ға дейін өскенін мәлімдеді. Ал 2025 жылдың қаңтарында абаттандырылған пәтерлер мен үйлерді жалға алу бағасының индексі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10%-ға артқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОРТАША ЖАЛАҚЫ ПӘТЕРАҚЫҒА ЖЕТЕ МЕ?
Finprom сарапшыларының дерегіне сүйенсек, биылғы қаңтар айында жанға жайлы тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алудың орташа құны 4,5 мың теңге болған. Демек, қазақстандық отбасы 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерде уақытша тұру үшін ауданы айына орта есеппен 226,7 мың теңге төлеуі керек білдіреді.
Ал кеңірек баспананы жалға алатын көпбалалы отбасылар үшін 70 шаршы метрді жалдау ақысы қазірдің өзінде 317,3 мың теңге болған. Айта кетерлігі, бұл деректерге коммуналдық қызметтер, интернет және автотұрақ үшін төленетін қосымша шығындар кірмейді.
«Жалдау ақысының ең қымбат бағасы еліміздің ірі қалаларында байқалып отыр, ал бұл республикалық орташа көрсеткішке айтарлықтай әсер ететіні анық. Антирейтингте бірінші орында Алматы қаласы тұр. Мегаполисте 2025 жылдың қаңтарында 1 шаршы метрді жалға алу құны 5,5 мың теңге болған. Жарнама агенттіктерінің мәліметті бойынша, оңтүстік астанадағы баға ауқымы өте кең: яғни 50 мың теңгелік «еш жағдай жасалмаған» пәтерден тұрғын үй кешендеріндегі люкс санатты, 3,3 млн теңгелік үлкен пәтерлерге дейін табуға болады», – дейді сарапшылар.
Жөндеуден енді өткен бес бөлмелі пәтерді 6 млн теңгеге жалға алуға болатын Астана үшін мұндай баға таң емес. Елордадағы орташа көрсеткіш 250–300 мың теңгені құрайды.
ҚАЙ ҚАЛАДА ПӘТЕР ЖАЛДАУ АҚЫСЫ АРЗАН?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жанға жайлы баспананы жалға алудың ең төменгі бағасы Таразда (бір шаршы метрге 2,2 мың теңге), сондай-ақ Түркістан, Ақтөбе және Павлодарда (әр қалада 2,6 мың теңгеден) тіркеліп отыр.
Соңғы жылдары пәтер жалдау ақысының өсім қарқыны бойынша Астана алдыңғы орынға шыққан. Елдің басты қаласында биылғы қаңтар айында жалға берілетін баспана бағасы 2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 30,1%-ға өскен. Жалдау ақысы өзгермеген жалғыз қала Атырау болып отыр. Бұл қалада өткен жылдың қаңтарында шаршы метр үшін 3,7 мың теңге төленсе, биыл да осы баға сақталып қалған.
АСТАНАДА ЖАЛҒА БЕРУ БАҒАСЫНЫҢ КҮРТ ӨСУІНЕ ҚАНДАЙ ФАКТОРЛАР ӘСЕР ЕТТІ?
Елордада пәтерді жалға беру құнының күрт өсуіне бірнеше фактор әсер еткен. Елорда - халық саны бойынша демографиялық өсу қарқыны өте жоғары екінші мегаполис. Тек 2024 жылдың өзінде астаналықтар саны 6,9%-ға өскен, қала тұрғындарының нақты саны 1,5 млн адамнан асты, оған соңғы бір жылда қосылған 98,7 мың адамнан қосыңыз. Оның 23 пайызы жаңа туған нәрестелер болды. Өсімнің негізгі бөлігі басқа қалалар мен облыстардан келген тұрғындар болып отыр. Елордада өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында көші-қон сальдосы 75,9 мың адамды құраған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (51,5 мың адам) айтарлықтай көп.
Қала демографиялық тұрғыдан тоқтаусыз өсіп жатыр, ал барлық жаңа тұрғынның баспанаға мұқтаж екені мәлім. Жаңа ғимараттарды пайдалануға беру арқылы сұраныс ішінара қанағаттандырылып жатыр.
Мегаполисте тұрғын үйлер құрылысының қарқыны жаман емес: 2024 жылы – 16,4%. Сондай-ақ 4,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Алайда тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі Астанаға өзге өңірлерден келгендер мен тұрып жатқандардың бір бөлігінде ғана бар, онда да олар өзі көшіп кеткен елдімекендегі баспанасын сатқан ақшасына алуы немее ипотекалық несие үшін бастапқы жарнасын төлеп қана алуы мүмкін. Қалғандары елордадағы өмірін жалдамалы баспанадан бастауға мәжбүрә, - делінген зерттеуде.
АСТАНАДА ПӘТЕР ТАБУ ОҢАЙ, ӨҢІРЛЕРДЕ – ҚИЫН
Астанада пәтер жалдау құны Қазақстандағы ең жоғары бағалардың бірі болғанымен, жалға алу мәселесі әлі де көптеген аймаққа қарағанда оңайырақ. Бұған табыс деңгейі мен жалға алу құны көп әсер етеді. Мәселен, ауданы 50 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтерді жалға алатын, айлық жалақысы орташа отбасы үшін есеп жүргізіп көрелік: яғни, бұл отбасы Астанада пәтерді жалға алу үшін табысының 42,5 пайызын төлеуі керек. Яғни, 604,1 мың теңге жалақысынан үй иесіне ай сайын 256,5 мың теңге беріп отырмақ.
Ал кейбір шағын қалада пәтерді жалға алу құны Астанаға қарағанда әлдеқайда төмен болғанымен, жалдайтын пәтер таба қою қиынырақ болмақ. Мысалы, Қонаев қаласында 50 шаршы метрлік пәтерді жалға алу үшін сіз 186 мың теңге төлеуіңіз керек, бірақ әлбетте, орташа жалақы да әлдеқайда аз, шамамен 308,3 мың теңге болмақ. Осылайша, пәтер жалдау құнының үлесі жалпы кірістің 60,3%-ын құрайды. Мұндай жағдайда отбасының басқа шығындарына 122,3 мың теңге ғана қалды.
Пәтерді жалға алудың құны сонымен қатар Талдықорғанда (58,4%), Қарағандыда (58%) және Шымкентте (57,5%) қымбаттау екені байқалады. Жалға алу құны анағұрлым арзан өңірлерге көбінесе батыс облыстар – Атырау (29%), Ақтау (28,7%) және Ақтөбе (35,6%) жатады.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.