homepage
en.yna.co.kr

Оңтүстік Кореяның биліктен қуылған президенті қамаудан босатылды

07.03.2025, 17:09

Оңтүстік Кореяда бүлік шығарды деп тергеліп жатқан биліктен қуылған президент Юн Сок Ёль жұма күні қамаудан босатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Ренхап» агенттігінің жазуынша, сот қамауға алу бұйрығын кері қайтарған соң президент босатылды. Юн Сок Ёльдың адвокаттар тобы бұған дейін Сеулдің орталық аудандық сотына шағым түсіріп, 19 қаңтарда шығарылған қамауға алу ордері процессуалдық заңсыздықтарға байланысты жарамсыз деп есептеген.

Дегенмен соттың бүлік туралы істі қарауы жалғасады.

ЮН СОК ЁЛЬДЫҢ ҰСТАЛУЫ

Қаңтар айының соңында прокурорлар Юн Сок Ёльды елде әскери жағдай жарияламақ болған кезде бүлікке жетекшілік етті деп айыптады. Оңтүстік Корея заңы бойынша бүлікшілер өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасына кесіледі.

Тұтқындалған бірінші күні президенттен 10 сағаттан астам жауап алынған.

2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ёль саяси қарсыластармен күресу үшін елде әскери жағдай енгізуге әрекеттенген. Бұл шешім ел тұрғындарының наразылығын тудырды және парламент әскери жағдайды жоюға тез арада дауыс берді. Соңында Юн Сок Ёль өз тапсырмасынан бас тартуға келісті.

Осыдан кейін ел парламенті президентке импичмент жариялауға дауыс берді. Енді Конституциялық сот бұл шешімді қолдап, оны қызметінен босату немесе импичменттен бас тарту туралы мәселені алдағы айларда шешуі керек.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.