Алматы халықаралық әуежайында жұртты дүрліктірген оқиға болды: пышақ ұстаған ер адам күзетші қызға шабуыл жасап, оны кепілге алған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Алматы халықаралық әуежайының мәліметінше, оқиға 7 наурызда сағат 11:45-те болған. Ішкі рейстер терминалында ер адам жолаушы ретінде ұшу алдындағы тексеру аймағына барған. Авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ер адамнан құжатын көрсетуді сұраған, ал ол әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқан.
"7 минуттан кейін ер адамды әуежай аумағындағы полицияның желілік бөлімінің қызметкерлері ұстады. Қазіргі уақытта ер адам полицияның желілік бөлімінде және бұл оқиғамен құқық қорғау органдарының қызметкерлері айналысып жатыр", — деп хабарлады әуежайдан.
ҚЫЛМЫСКЕРДІ ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРҒАН АЗАМАТ КІМ
Көп ұзамай әуежай қызметкеріне көмектесу үшін жолаушылардың арасынан суырылып шыққан ер адам пышақ ұстап тұрған ашулы жолаушыға қызметкердің орнына өзін кепілге алуды ұсынады.
Ол қылмыскермен келіссөз жүргізіп, артынша оңтайлы сәттен оны қарусыздандырып, полицияға тапсырған.
ZTB Telegram-арнасының жазуынша, ерлік көрсеткен ада - Алматы қаласының 52 жастағы Мұса есімді тұрғыны болып шықты. Оның 5 баласы бар екені, жас кезінде спортпен айналысқаны айтылды.
Мұсаның айтуынша, ол оқиға болып жатқан сәтте еш қорқыныш сезінбеген және интуитивті түрде әрекет еткен.
"Туыстарымды шығарып салу үшін әуежайға келген едім. Айғайлаған дауысты естіп, жүгіріп барсам, ер адамның қызды пышақпен қорқытып жатқанын көрдім. Сосын оның орнына мені алып кетуді ұсындым. Ол оны жіберіп, мені ұстап алды", - дейді Мұса.
ПРЕЗИДЕНТ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАҒА ҰСЫНУДЫ ТАПСЫРДЫ
Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайында адамды кепілге алу жағдайы жөнінде хабардар екенін мәлімдеп, оқиға кезінде жылдам әрекет етіп, қылмыскерді залалсыздандырған тұрғынды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.
"Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды", - делінген Ақорда хабарламасында.
КҮДІКТІ БҰҒАН ДЕЙІН АВТОБУСТА ҚЫЗДЫ ҰРҒАН
Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алған күдікті бұған дейін де жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Бұл ақпаратты Алматы полициясы растады.
Былтыр болған оқиғадан соң күдіктіге бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
— Қоғамдық көліктегі оқиғадан кейін Алмалы аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды. Өткен жылдың желтоқсан айында сот ер адамды бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен, - деп хабарлады ПД өкілдері.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.