homepage
Фото: aa.com.tr

Пәкістанда әскери нысанға жасалған терактіден 18 адам қаза тапты

05.03.2025, 14:51

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Бану қаласында әскери нысанға жасалған лаңкестік шабуыл 13 бейбіт тұрғын мен бес сарбаздың өмірін қиды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Reuters агенттігі пәкістандық әскерилер хабарламасына сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік хабарлауынша, жарылғыш заттар салынған екі көлікте жанкештілер 4 наурызда Бану қаласындағы әскери базаға шабуыл жасаған. Шабуылды оннан астам содыр жасағаны айтылады.

Әскерилердің айтуынша, бірнеше жарылыс салдарынан кешеннің сыртқы қабырғасы жартылай опырылып, жақын маңдағы инфрақұрылымға зақым келген. Мешіт пен жақын маңдағы тұрғын үй де ауыр зардап шекті.

«Әскерилер мәліметінше, шабуылдан кемінде 13 бейбіт тұрғын мен 5 сарбаз қаза тапқан. Қарсы шабуыл кезінде қаза тапқан 16 содырдың ішінде өлімге бас тіккен 4 жанкешті бар», - делінген хабарламада.

Науман ауруханасы өкілінің айтуынша, жараланған бірнеше бейбіт тұрғын үйінділер астында қалып қойған.