Кеше түнде бүкіл әлем көз тіккен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуі екі тараптың жанжалымен аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ЖАНЖАЛМЕН АЯҚТАЛҒАН КЕЛІССӨЗ
Дональд Трамп пен АҚШ-тың вице-президент Дж.Д.Вэнс Владимир Зеленскийге осы уақытқа дейін Американың қолдап келгенін, сондай-ақ 350 млрд доллар бергенін, сол себепті Украина президенті барынша разы болуы тиіс екенін айтты.
«Сіздің жағдайыңыз қазір жақсы емес... Біз сізге әскери техника бердік... Егер біздің әскери техника болмаса, бұл соғыс екі аптада бітер еді», - деп дауыс көтерген Дональд Трамп Зеленскийді «Сіз Үшінші дүниежүзілік соғыспен ойнап жатырсыз» деп айыптады.
Ал АҚШ-тың вице-президенті Зеленский туралы «Америка халқына құрметсіздік танытты» деді.
Украина президенті өз тарапына өктем дауыспен айтылған айыптауларға қатысты жауап қатуға тырысып, Ресей президентімен келіссөздер жүргізудің сәтсіз аяқталғаны туралы айтты.
"Біз онымен сөйлестік, көп әңгімелестік. Мен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойдым, бәрі мені ары қарай ештеңе болмайды деп сендірді... Бұл жерде қандай дипломатия көмектесе алады? Біз нені айтып отырмыз?" – деді Зеленский.
Екіжақты текетіреске айналған келіссөз соңында Трамп: "Біз сіздің мәселеңізді шешуге тырыстық. Бізге өз ұстанымыңызды тықпаламаңыз. Бізге бұйрық беруге құқығыңыз жоқ" деп шорт кесті.
Ол сондай-ақ егер АҚШ қаталдық танытса, Украина мен Ресейдің ешқашан келісімге қол жеткізе алмайтынын атап өтті.
ТРАМП ПЕН ЗЕЛЕНСКИЙ ҚАНДАЙ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ
Ақ үйдегі қызу пікір алмасудан кейін Трамп әлеуметтік желідегі Truth Social аккаунтында мәлімдеме жасады. Ол президент Владимир Зеленскийдің бейбітшілікке дайын емес екенін айтты.
«Ақ үйде біз үшін өте маңызды кездесу болды. Біз осындай қызу әңгіменің және қысымның әсерімен болмаса басқадай жағдайда еш түсінуге болмайтын нәрселер туралы білдік. Эмоция арқылы шыққаны таңқалдырады. Менің түсінгенім, Зеленский АҚШ араласқалы отырған бейбітшілікке дайын емес. Ол біздің қатысуымыз келіссөздер барысында оған үлкен басымдық береді деп ойлайды. Маған басымдық керек емес, маған бейбітшілік керек, - деді АҚШ президенті.
Ақ үй Трамптың Зеленскиймен кездесуден кейін өткізген баспасөз мәслихатын тоқтатқанын хабарлады. Украина делегациясы Ақ үйден шығып кетті.
Сондай-ақ Украинадағы тау-кен өндіру туралы келісімге қол қойылмағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский америкалық әріптесі Дональд Трамппен Ақ үйде өткен кездесуге қатысты Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында пікір білдірді.
«Рахмет, Америка, қолдауың үшін рахмет, осы сапар үшін рахмет. АҚШ президентіне, Конгресске және Америка халқына рахмет. Украинаға әділ және тұрақты бейбітшілік қажет, біз дәл осы үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деп жазды Зеленский.
ТРАМПТЫҢ УЛЬТИМАТУМЫ: БЕЙБІТШІЛІККЕ ҰМТЫЛУ НЕМЕСЕ ЖАЛҒЫЗ ЖҮРУ
Euronews жазуынша, Трамп Зеленскиймен кездесудің мақсаты Киев пен Мәскеудің соғыс пен қантөгісті тоқтатуға дайындығына негізделген шынайы бейбітшілікті талқылауға арналғанын айтты. Алайда оның айтуынша, «кездесуде Зеленский мұндай келісімге мүдделі емес екенін және тек америкалық қолдауды ала бергісі келетінін көрсетті».
Ол сондай-ақ АҚШ соғыстың 10 жылға созылғанын қаламайтынын және тек тез арада бейбітшілікті қамтамасыз етуге және адам өлімін тоқтатуға мүдделі екенін айтты. Трамптың айтуынша, осы аптада ғана Украина мен Ресей 2000-ға жуық адамынан айырылды.
«Ол «Мен бітім жасағым келеді» деп айтуы керек», - деді Трамп журналистердің «Зеленский АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастау үшін не істеуі керек?» деген сұрағына.
Трамп Зеленскийдің өзіне рұқсат етілгеннен әлдеқайда көп келіссөз жүргізіп кеткенін, бірақ ондай артықшылыққа ие емес екенін тағы қайталады.
АҚШ президенті Киевке тіпті ультиматум қойды десе де болады: не бейбіт келісімге қол жеткізу керек, не соғысты америкалық әскери және қаржылық қолдаусыз өз бетінше жалғастыруы керек.
ЗЕЛЕНСКИЙ ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІН ТАЛАП ЕТЕДІ
Зеленский жанжалды кездесуден кейін көп ұзамай америкалық Fox News арнасына берген эксклюзивті сұхбатында ол Киевке қажетті қауіпсіздік кепілдігін алмай бейбіт келіссөздер жүргізе алмайтынын түсіндірді.
Трамппен және вице-президент Джей Ди Вэнспен кездесуінде Зеленский Украинаның «тек атысты тоқтатып қоюды» қабылдамайтынын, өйткені оны бәрібір «Ресей бұзатынын» деп баса айтты. Ол Путиннің «Украинамен атысты тоқтату келісімін 25 рет бұзғанын» және Трампты «Путинмен келмеуге» шақырғанын айтты.
"Мен келісімге 2019 жылы қол қойдым. Макрон да, Меркель де атысты тоқтатуды растады. Және бәрі мені ешкім бұдан әрі бармайды деп сендірді... Бірақ ол біздің келісімімізді бұзды, тұтқын алмасуды тоқтатып қойды. Бұл жерде қандай дипломатия көмектесе алады?", - деді Зеленский.
Fox News арнасына берген сұхбатында Зеленский Киевтің бітімгершілік келісімге дайын екенін растады, бірақ оның әділ болуы керек екенін тағы да баса айтты. Киев еуропалық бітімгершілік күштерінің Украинаны Ресейдің болашақтағы ықтимал шабуылдарынан қорғау жөніндегі кез келген келісімнің бір бөлігі болғанын қалайды.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.