homepage
Mohamed hamdi / pexels.com

Табысы салығына сәйкес келмейді: Үкімет BI Group пен BAZIS-ке ескерту жасады

28.02.2025, 14:44

Үкімет басшысы Олжас Бектенов кәсіпкерлерді салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ЕКІ АПТА ІШІНДЕ ӘДІЛЕТТІ САЛЫҚ ТӨЛЕНБЕСЕ, ҚАНДАЙ ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Ұлттық экономика министрімен және Қаржы министрімен өткен «Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері» туралы жұмыс кеңесінде Премьер-министр Олжас Бектенов салық түсіміне қатысты мәселеге тоқталды.   

Ол салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің бар екенін, миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейтінін атап өтті.

«Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

«Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындауға дайын болса, біз диалог жасауға дайынбыз», — деді Олжас Бектенов.

2,3 МЛН САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ 137 МЫҢЫ ҒАНА ҚҚС ТӨЛЕЙДІ

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», — деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр. 

ҚҚС ТӨЛЕУДЕН ЖАЛТАРУ ӘДІСТЕРІ АТАЛДЫ

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — деді Мәди Такиев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу; 
  • нысанның салық даулары мәнінен басым болу принципін енгізу; 
  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;
  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.