Қаржы сауаты – өмір бойы қажет болатын маңызды дағдылардың бірі. Және оны бала кезден үйретіп бастау қажет. Ақшаның талда өсетін жапырақ емес, еңбекпен келетінін түсінген бала оны дұрыс жаратып, жинай да біледі. Әсіресе, XXI ғасырда қаржы сауатын үйрету бала тәрбиесіндегі міндетті нәрсенің бірі болуы қажет. Оған ата-ана да, ұстаздар және қоғам да ықпал етуі керек. Осы мақалада Juzmedia тілшісі де балалардың қаржылық сауаттын арттыруға арналған бірнеше тиімді әдістер ұсынылады.
Қаржы туралы ерте жастан үйрету
Балаларға қаржы туралы неғұрлым ертерек түсіндірсеңіз, соғұрлым олар ақшаны бағалауды және үнемдеуді жақсы меңгереді. Мысалы:
- Ойын арқылы үйрету: Ақша жинау мен жұмсауды үйрететін ойындар ойнаңыз. Қарапайым әдісі – ақша салғыш сатып әперіп, майда тиындар жинауды үйретіңіз. Немесе бір апталық қалта ақшасын бірден беріп, өзін күн сайын бөліп жұмсауды меңгертіңіз.
- Тиын санау: Балаларды тиындармен таныстырып, оларды санауға үйретіңіз. Тіпті балабақшаға баратын балаңызға 50 теңгеге, 100 теңгеге не алуға болатынын түсіндіре беріңіз. Дүкенге барғанда сағыз, тәтті тәрізді майда дүниені өзі алып көрсін.
Ақша жинаудың маңызын көрсету
Балаларға жай ғана «ақша жина» дегеннен гөрі ол ақшаны неге жинап жатқанын түсіндіру әлдеқайда пайдалы болады.
- Шағын мақсаттар қойыңыз: Баланың белгілі бір ойыншық немесе кітап алуына ақша жинауға көмектесіңіз. Өзі армандап жүрген заттың жарты ақшасын өзі жинап бастап көрсін.
- Жеке жинақтау қорабын беріңіз: Балаға өзіне арналған жинақ қорабын сыйлап, оған ақша жинауды тапсырыңыз. Ондай қораптарды тапсырыс беруге болады, тіпті интеренттен қарап өзіңіз де дайындай аласыз. Қорап бетінде 100 тг, 500 тг тәрізді әртүрлі сомалар жазылып тұрады. Бала сол соманы салғанда, қораптың бетінен біреуін өшіріп отырады. Осы қорап арқылы қанша ақша жинағанын және әлі қанша жинау керек екенін өзі біліп алады.
Қаржы жоспарлау дағдыларын үйрету
Балаларға бюджетті жоспарлауды үйрету маңызды. Бұл үшін:
- Кіріс пен шығысты түсіндіру: Балаға ақшаның қайдан келетінін және қалай жұмсалатынын түсіндіріңіз. Әр ай сайын отбасылық бюджетті бірге есептеңіз. Азық-түлікке кететін қаржы, киім-кешекке бөлінетін ақшаны баланың көзінше есептеуге дағдыланыңыз. Сонда ол кішкене кезінен ақшаның қайда кетіп жатқанын өзі-ақ түсінеді.
- Апталық бюджет: Балаға апталық мөлшерде ақша беріп, оны қалай жұмсау керек екенін талқылаңыз.
Ақшаның құнын түсіндіру
Балаларға ақшаның құнын түсіндіру үшін:
- Жұмыс пен табыс: Ақша еңбектің нәтижесінде келетіні жайлы айтыңыз. Ай сайын жұмыс істегеннен кейін алған еңбекақыңызды (барлығын болмаса да) көрсетіп қою да артық болмайды. Тіпті өзіңізбен бірге жұмысқа алып барсаңыз(егер мүмкін болса), бала ақшаның қандай еңбекпен келетінін түсінеді.
- Мысалдармен көрсету: Балаңызға дүкендегі заттардың бағасын салыстырып көрсетіңіз.Арзан тауар қайсы, қымбаты қайсы, жеңілдікпен алуға болатыны қандай – барлығын ақырындап таныстыра беріңіз.
Қаржылық құралдармен таныстыру
Жасөспірімдерге:
- Банк қызметтері: Банк шоты, дебеттік карта және онлайн төлемдер туралы ақпарат беріңіз. Қазір 6 жастан бастап балаға карта ашуға болады. Телефоныңыздан картасындағы ақшасын, қайда, қалай жұмсалып жатқанын да көрсетіп отырыңыз.
- Инвестицияның негіздері: Инвестицияның қарапайым түрлерін түсіндіріп, болашақтағы пайдасын көрсетіңіз.
Жауапты қаржылық мінез-құлық қалыптастыру
Баланың жауапты қаржылық әдеттер қалыптастыруына көмектесу үшін:
- Қарыздың зияны: Қарыз алудың және оны уақытында қайтармаудың салдарын түсіндіріңіз.
- Әлеуметтік жауапкершілік: Ақшаның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсау туралы әңгімелесіңіз. Балалар көбіне ата-анасының іс-әрекетін қайталайды. Сондықтан өзіңіз де ақшаны ұқыпты және жауапты басқару арқылы жақсы үлгі көрсетіңіз.
Цифрлық қаржы сауатын дамыту
Қазіргі заман балаларына цифрлық технологиялармен жұмыс істей білу маңызды. Олар:
- Онлайн қауіпсіздік: Онлайн төлемдер жасаған кезде қауіпсіздік шараларын үйретіңіз. Бей-берекет интернеттегі сілтемелер кіруге болмайтынын, дүкендегі тауарларды сатып ала бермеу қажетін ескертіп қойыңыз.
- Қаржы қосымшаларын пайдалану: Балаларға бюджетті басқаруға арналған қосымшаларды қолдануды үйретіңіз. Көптеген мектептерде қаржы сауаты пәні енгізіліп жатыр. Балаларыңыздың мұндай бағдарламаларға қатысуын қадағалаңыз немесе өзіңіз қосымша материалдар іздеңіз.
Қаржылық шешімдер қабылдау дағдысын жетілдіру
Балалардың қаржылық шешімдер қабылдау дағдысын жетілдіру үшін:
- Тәжірибелік жаттығулар: Оларға шағын қаржылық міндеттер қойыңыз, мысалы, отбасылық кешке азық-түлік сатып алу.
- Қателіктерден сабақ алу: Балалар өз ақшасын басқару кезінде жіберген қателіктерін талқылаңыз және оны болашақта қалай болдырмау керектігін түсіндіріңіз.
Пайдалы ресурстарды пайдалану
Балалардың қаржы сауатын дамыту үшін төмендегі ресурстарды пайдалануға болады:
Кітаптар:
- "Бай әке, кедей әке" – Роберт Кийосаки: Ақша ағындары, қаржылық тәуелсіздік және инвестициялау туралы түсінік береді.
- "Ақшаны басқару негіздері" – Джордж Клейсон: Қаржылық табысқа жету жолдарын көне Вавилонның мысалдары арқылы баяндайды.
- "Қаржылық сауаттылық" – Бодо Шефер: Қаржыға қатысты дұрыс әдеттерді қалыптастыру және қаржылық еркіндікке жету әдістерін үйретеді.
Фильмдер:
- "Стипендиаттар" (The Pursuit of Happyness): Қаржылық қиындықтарға қарамастан, табандылық пен еңбек арқылы жетістікке жету оқиғасы.
- "Ақша монстрлары" (Money Monster): Қаржы әлеміндегі қауіп-қатерлер мен жауапкершілікті түсінуге арналған драмалық триллер.
- "Қаржы акулалары" (Wall Street): Инвестиция мен биржа әлемінің этикалық және моральдық қырларын зерттейтін классикалық фильм.
Мобильді қосымшалар:
- "Greenlight" – Балаларға арналған бюджетті басқару қосымшасы, ақша жинау және жұмсауды үйретеді.
- "PiggyBot" – Отбасы үшін шығындарды басқаруға арналған құрал, баланың қаржылық мақсаттарын анықтауға көмектеседі.
- "Bankaroo" – Балаларға арналған виртуалды банк қызметі, табыс пен шығынды бақылауға мүмкіндік береді.
Балалардың қаржы сауатын арттыру – болашақта олардың өздігінен қаржылық шешімдер қабылдап, табысты және жауапты азамат болып өсуіне маңызды қадам. Бұл жолда ата-ананың, ұстаздың және қоғамның рөлі ерекше. Баланы қаржылық сауаттылыққа үйрету – ұзақ мерзімді инвестиция, оның нәтижесі болашақта міндетті түрде байқалады. Сондықтан, бүгіннен бастап балаңыздың қаржылық білімін арттыруға көңіл бөліңіз.