Семейде бір топ қатарласының аяусыз соққысынан зардап шеккен бала дәрігерлердің бақылауына алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәләметінше, қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық.
«2013 жылы туған Б. А. есімді ұл бала 23 ақпанда семей медициналық университеті госпиталінің қабылдау бөлімінде тексерілді. Балаға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қажетті тексерулер жүргізілді.
Диагноз: жабық бас-ми жарақаты (ЖБМЖ). Бастың шашты бөлігінде, шүйде аймағында гематома, аяқ-қолында көптеген теріасты гематомалары болуы», - делінген басқарма хабарламасында.
Баланың жағдайы салыстырмалы түрде қанағаттанарлық, бірақ психоэмоционалдық күйі мен диагнозына байланысты бақылауды қажет ететіні айтылды.
«Балаға қажетті диагностикалық тексерулер жүргізілді. Тексеру қорытындылары бойынша өміріне қауіп төндіретін себептер анықталған жоқ. Пациент тіркелген емдеу орны бойынша толық медициналық және психологиялық көмек алды. Қазіргі уақытта дәрігерлердің – педиатрдың, травматологтың және невропатологтың динамикалық бақылауында», - деп атап өтті дәрігерлер.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ жасөспірімнің мектеп оқушысын аяусыз ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео тараған болатын.
Полиция аталған оқиғаға қатысы барлардың бәрінің жеке басын анықтап, олардың ата-аналарымен бірге бекетке жеткізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар кәмелемтке толмаған баланы топтасқан түрде соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Балалар құқығын қорғау комиссиясы өзге баланы аяусыз тепкілеген 4 жасөспірімді арнайы мектепке жіберу туралы шешім шығарып, олардың ата-аналары жауапқа тартылды.
Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл дерекке қатысты егжей-тегжейлі қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды.
Ал балалар білім алып жатқан мектептің директоры қызметінен қуылды. Бұл туралы Абай облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті.
«Оқиғаға байланысты білім беру мекемелерінің басшылық құрамына тәрбие жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін тәртіптік жаза қолданылды.
Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтарына тәртіптік жаза қолданылды. Семей қаласының №15 мектеп директоры, Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицейі интернатының директоры сөгіс алды. Семей қаласының №9 мектеп директоры қызметінен босатылды, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс берілді», - делінген хабарламада.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.