ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Instagram желісінде жойылып кеткен қазақ әндері мәселесінің шешімі туралы айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
МИНИСТР САЛАНЫ ЦИФРЛАНДЫРУ ҚАЖЕТ ЕКЕНІН АЙТТЫ
Үкімет отырысында министр зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесіне тоқталды.
2024 жылдың күзінде Meta платформаларынан қазақ әндерін алып тастау оқиғасы ұжымдық басқару саласындағы кемшіліктерді ашып көрсетті. Көптеген танымал авторлар мен орындаушылар өз туындыларын осы платформада пайдаланғаны үшін сыйақы алмағанын мәлімдеді. Осыған байланысты бұл саланы цифрландыру қажет", - деді Әділет министрлігінің басшысы.
Ерлан Сәрсембаев авторларға және басқа да құқық иелеріне туындыны пайдаланудың барлық кезеңдерін: келісімшарт жасасудан, сыйақы жинау, бөлу, таратуға дейінгі онлайн режимінде бақылау мүмкіндігін беру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі қарастырылған.
«Жалпы, талдау және есеп беру (мемлекеттік тізілімдерге енгізілген объектілер бойынша), тіркелген зияткерлік меншік объектілерін іздеу жүйелерін жетілдіру, авторлар мен авторлық құқық иелері үшін мобильді қосымша әзірлеу, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияны кеңейту тұрғысынан жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформаны енгізу мәселесі пысықталуда», - деді ведомство басшысы.
KazAK ПЕН META АРАСЫНДА ҚАНДАЙ КЕЛІССӨЗДЕР ЖҮРІП ЖАТЫР
Сәрсембаев брифинг барысында сұрақтарға жауап бере отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Авторлар қоғамы (KazAK) мен Meta платформасы арасында келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Олардың Әділет министрлігімен өзара әрекеттесу мәселесі - осы құқықтық қатынастарды заңнамаға сәйкес реттеу.
"Біздің біреуді мәжбүрлеу немесе белгілі бір әрекеттер жасауға итермелеу ниетіміз жоқ. Біздің міндетіміз - осы құқықтық қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жасау", - деп жауап берді министр.
Еске салайық, өткен жылдың қараша айында Instagram және Facebook қолданушылары қазақстандық музыканы жарияланымдарда қолдану мүмкін еместігі туралы жаппай шағымдана бастаған болатын. Бұған Қазақстан авторлар қоғамының (ҚазАҚ) шағым себеп болған. Олар Meta-дан роялти төлемдерін көбейтуді талап еткен, сондай-ақ отандық авторлар ҚазАҚ оларға ештеңе төлемейді деп шағымданды.