Түркістан облысында колледждер мен кәсіптік мекемелерге 2025 жылы 46,9 млрд теңге бөлінген. Алайда көрсетілген қомақты қаржы сапалы білім беруге, түлектердің жұмыспен қамтылуына қаншалықты ықпал етіп отыр? Juzmedia.kz тілшісі анықтап көрді.
Облыстық білім басқармасының редакцияның сауалына берген ресми жауабы бойынша, қазіргі таңда 25 колледжде 21 982 студент оқып жатыр. Дегенмен әр студентке шаққанда бөлінетін қаржы қомақты болғанымен, оның тиімді жұмсалуына қатысты мәлімет қолжетімсіз.
«Түркістан облысының білім басқармасына қарасты 25 техникалық және кәсіптік, орта білім беру ұйымдары бар. Колледждерде бүгінгі таңда жан басына шаққандағы нормативіне сәйкес қаржыландырылады: 2024 жылы – 36,4 млрд теңге (36 410587,0 мың тг), 2025 жылы – 46,9 млрд теңге (46 876 663,0 мың тг)», - делінген ресми жауапта.

Мемлекеттік сатып алу сайтында облыстық білім басқармасы мен колледждер арасында жасалған шарт түсіндірмесінде «техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырма» екені көрсетілген. Мәселен, Дәуренбек Құрманбек атындағы №20 колледжі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында орналасқан. Колледж 2025 жылы мемлекеттік сатып алу сайтында облыстық білім басқармасымен екі шарт жасасқан. Екі шарттың құны 516 млн теңгеге жуықтайды.
Сол тәрізді Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжі Сайрам ауданы Ақсукент ауылында орналасқан. Колледж 2018 жылдан бері облыстық білім басқармасының мемлекеттік тапсырыстарын атқарып келеді. Колледж 2025 жылы Түркістан облыстық білім басқармасымен құны 8,7 млн теңге болатын шарт жасасқан.
Айта кетелік, Түркістандағы көптеген колледждердің материалдық-техникалық базасы нашар екендігі жиі айтылады. Жабдықтар ескірген, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге арналған зертханалар жеткіліксіз. Сарапшылардың пікірінше, студенттер теория жүзінде оқып шыққандықтан, олар еңбек нарығына дайындықсыз шығады.