“Бүгінде балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері – әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр”. Осылай деп дабыл қаққақ Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан TikTok-тың зияны туралы айтып, аталған желіге қатаң шектеу қоюды талап етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ УЫҒЫН ТАЛҚАНДАП ЖАТЫР...”
“Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп “бұрын балалаларды “тәк-тәкпен” тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз” деп еді мінбеден. Өлі тыныштық”, - деді депутат.
Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғанын, оның пайдалы жағы да жоқ емес екенін айта келе, өкініштісі, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдерді “меңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқанына” тоқталды.
TIKTOK-ҚА 14 МЛН-НАН АСТАМ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТІРКЕЛГЕН
Депутат сөзін жалғай отырып, соңғы екі жылда аталмыш әлеуметтік желіге 14 миллионнан астам қазақстандық тіркелгенін айтты.
“Бұл ретте, балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.
Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес”, - деді Ж. Әшімжан.
ЖЕЛІНІҢ ЖАСТАРҒА КЕРІ ӘСЕРІ
Депутат түрлі челлендж жастар тәрбиесіне кері әсер етіп жатқанына да тоқталды.
“Екі жастың біріне келмеген қыздарымызды бөксемен билеуге шақырып, арнайы үйрену үлгілерін ұсынып жатқан контенттер саңырауқұлақтай қаптады. Расында, қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысуда. Соның салдарынан ұлттық құндылықпен сусындамаған жас ұрпақ өсіп келеді”, - деді мәжілісмен.
Мәжіліс депутаты атылмыш желіні әлемнің бірқатар елі бұғаттағанын айта отырып, Қазақстан да осы үрдісті жалғау керек деге ойын жеткізді.
“Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр”, - деді депутат. п Жанарбек Әшімжан қоғамдағы проблеманы көтерді.
ДЕПУТАТ ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС АЙТТЫ?
1. TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүрге қарсы контентке қатаң шектеу қою;
2. TikTok-ты 18 жасқа толмаған балаларға пайдалануға заңмен тыйым салу тетіктерін қарастыру.