homepage
primeminister.kz

Қазақстанның 9 облысы су тасқыны қаупі аймағында тұр – ТЖМ ескерту жасады

14.02.2025, 13:47

Алдағы көктемде еліміздің тоғыз облысында су басу қаупі төнуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz 

1223 ЕЛДІМЕКЕНГЕ СУ БАСУ ҚАУПІ ТӨНЕДІ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әсет Жылқайдаров мәлімдеді. Мәліметтер “Қазгидрометтің” алдын ала болжамы бойынша есептелген.

Оның айтуынша, Қазақстанда су көп көтерілген жағдайда 1223 елдімекенге су басу қаупі төнеді. Ол елдімекендерді қорғау үшін өңірлерде 576 шақырымнан астам бөгеттер салынды. 822 шақырым су бұру жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды.

СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАНДАЙ?

“74 өзеннің 500 шақырымдық қауіпті учаскесінде су түбі мен жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді. Өзен арналары тазартылды. Су тасқынына жедел ден қою үшін 37 мыңнан астам адамнан тұратын топ құрылды, оның құрамына ТЖМ, ІІМ, Ұлттық ұлан және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. 13 мыңнан астам жергілікті техника, 4 096 су айдау және 640 жүзу аппараты тартылды. Зардап шеккен тұрғындарды қабылдайтын 3500-ден астам пункт дайындалды”, - деді Әсет Жылқайдаров.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жоғары дайындық режиміне өтті. Құтқару ұшағы кезекшілікте тұр. Сондай-ақ командалық құрамның автокөліктері негізінде ықтимал төтенше жағдайлар аймағына ақпаратты нақты уақыт режимінде жеткізу үшін жедел басқару топтары құрылды.