«Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру құрылысына бюджеттен 17,5 млрд теңге қаржы бөлінген. 4 кезеңнен тұратын құрылыс жобасы Өмірзақ Шөкеев әкім болып тұрған тұста басталған, деп хабарлайды Juzmedia агенттігі.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы желтоқсан айында мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қосымша келісім жасалған. Келісімшарттың бастапқы нақты сомасы – 294 млн теңге болған.
Қосымша келісімшарт жасалған соң бастапқы қаржы көлемі 17 488 517 422 теңгеге өзгерген.
Тапсырыс беруші - Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы болса, тапсырысты іске асырушы – «A-СПЕЦСТРОЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Компанияның директоры – Сергей ЛИ. «A-СПЕЦСТРОЙ» ЖШС-ның мемлекет алдында 23 133 642 теңге көлемінде төленбеген салық қарызы бар.
Сметалық құжатта құрылыс жұмыстарының негізгі объектісі ретінде су кешені, пандустар мен баспалдақтар, терраса алаңы деп көрсетілген.
Мемлекеттік БАҚ-та жарияланған мәліметтер бойынша, жоба 2020 жылы Түркістан облысын Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрған тұста басталған. Бұл жылдары Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов болған.
Республикалық басылымда аталған жоба туралы «Кәріз жүйесін жүргізуге жер қазылып, су бұрқақ алаңына бетон құю жұмыстары жалағасуда. «Тұңғыш Президент саябағында» бүгінгі таңда жалпы кәріз және электр жүйелері толықтай аяқталған. Жарық жүргізіліп, сыртқы су жүйесі іске қосылды. Саябақта 2 мыңдай ағаш отырғызылған», - деп көрсетілген.
Алайда Өмірзақ Шөкеев кеткен соң Түркістан облысы әкімі болып тағайындалған Дархан Сатыбалды жоба бойынша түзету жұмыстары жүргізілгенін хабарлаған.
Ал Кентау қаласының әкімі боп ауысқан Рашид Аюпов 2022 жылы ірі көлемде алаяқтық және пара алу бойынша ұсталған болатын. Тергеу хаттамасына сәйкес, Рашид Аюпов пара алып, сол қаражатқа алдымен Toyota Land Cruiser Prado жол талғамайтын көлігін (13,4 млн теңге) және Астанадағы BI Village коттедж қалашығынан үйді (90 млн теңге) сатып алған. Кейін бұл мүліктерді туысының атына рәсімдеген. Сонымен қатар, бірнеше жүк көлігін де иеленген. Бұл қылмыстық іс аясында Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың да есімі аталады. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасының түлектері.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.