АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
New York Post басылымы хабарлағандай, бұл туралы Трамп Air Force One президенттік ұшағында басылым журналистерімен сөйлескен кезде айтты.
Ақ үй басшысы Путинмен қанша рет сөйлескені туралы сұраққа жауап берген жоқ. “Мұны айтпай-ақ қойған дұрыс” деді Трамп.
ТРАМП ПУТИННІҢ СОҒЫСТА ҚЫРЫЛЫП ЖАТҚАН АДАМДАР ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАЙТЫНЫН АЙТТЫ
Дональд Трамп Путинді де ұрыс даласындағы өлім-жітімнің ойландыратынын айтты.
“Ол да адамдар өлімінің тоқтағанын қалайды”, - деді Трамп.
“Өлген адамдардың бәрі жап-жас. Олар да сіздердің балаларыңыз сияқты. Екі миллион адам соншалықты мәнсіз-мағынасыз қырылып қалды”, - деп қосты ол.
Осылай деген Трамп егер 2022 жылы АҚШ президенті өзі болғанда, Ресейдің Украинаға толық ауқымды әскери басып кіруі «ешқашан болмас еді» деп атап өтті.
Сонымен бірге Трамп Америка мемлекетінің басшысы ретінде өзінен бұрынғы президент Джо Байденді сынады.
"Байден біздің ұлтты масқара етті. Толықтай масқара етті",- деді ол.
ТРАМПТЫҢ УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ ЖОСПАРЫ
Трамп Украинадағы соғысты тоқтатудың нақты жоспары бар екенін айтады.
"Бұл тез болады деп үміттенемін. Украинадағы бұл соғыс өте қорқынышты. Мен бұл қарғыс атқан соғысты тоқтатқым келеді", - деді ол.
АҚШ президенті Air Force One бортында болған өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолцке қарата сөйлеп, уәжін айтты.
"Осы кездесулерді өткізейік. Күн сайын адамдар өліп жатыр. Уылжыған жап-жас, әдемі сарбаздар. Екі жақтың да сарбаздары, бүкіл майдан даласындағы жас жігіттер менің ұлдарым сияқты..." – деді ол.
New York Post жазуынша, АҚШ вице-президенті Джеймс Дэвид Вэнс 14-16 ақпанда өтетін Мюнхен қауіпсіздік конференциясында (MSC) Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеседі.
ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІНІҢ ОРНЫНА УКРАИНА РЕСУРСТАРЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ
Трамп америкалық инвесторлар Украинадағы сирек кездесетін металдар мен газ кен орындарына қол жеткізуі үшін Зеленскиймен 500 миллион долларлық келісім жасасуға ниетті екенін, ал соның орнына Ресеймен бейбіт келісімде қауіпсіздік кепілдігі болатынын айтты.
Батысқа Украинадағы пайдалы қазбаларды өндіру құқығын беру Владимир Зеленский 2024 жылдың күзінде АҚШ президенттігіне сол кездегі кандидаттар Дональд Трамп пен Камала Харриске ұсынған “жеңіс жоспарында” да айтылған.
Батыс саясаткерлері мен БАҚ арасында үлкен резонанс тудырған бұл нұсқа туралы Трамп 3 ақпанда тағы да айтты. 7 ақпанда Владимир Зеленский Reuters агенттігіне АҚШ Украинаның табиғи ресурстарын игеруде басымдыққа ие болатынын айтты, өйткені “америкалықтар барынша көмектескенін” айтты.